Бас прокуратура: Тәртіпсіздік кезінде 225 адам қайтыс болған

55

Елімізде енгізілген Төтенше жағдай кезінде қайтыс болғандардың жалпы саны белгілі болды. Бұл туралы Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаева мәлімдеді.

Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адамның уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені де анықталды. Сондай-ақ, тәртіпсіздік кезінде 20 медицина мекемесіне шабуыл жасалған екен.

Елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде 225 адам қайтыс болған. Бұл туралы Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті. Оның айтуынша, адам шығыны болған оқиғаларды тергеп, тексеруге жіті назар аударылып отыр.

Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы: «Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды. Оның 4353-і жараланды. Оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде моргтерге қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі террактілерге қатысқан, ғимарттар мен құқық қорғау қызметкелеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері де бар».

Серік Шалабаев қылмыс жасады деген күдікпен қанша адам қамауға алынғанын да айтты. Олардың арасында негізсіз ұсталып, қайта бостандыққа шыққандары да бар.

Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы: «Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Оның ішінде 446-ы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және прокуратурамен ұстауға негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды. Бас прокуратура әр факті бойынша тиісті құқықтық баға беру арқылы мұқият зерттелетінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда жедел тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44 – терроризм актілері бойынша, 34 – жаппай тәртіпсіздіктер, 15 адам өлтіру бойынша 10».

Дәл осы баспасөз отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Әсел Артакшинова лаңкестердің 20 медицина мекемесіне шабуыл жасағанын жеткізді. Оның ішінде Алматыдағы 3 аурухана 3 күн бойы террористердің қоршауында қалған екен.

Әсел Артакшинова, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры: «Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2 678 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде амбулаториялық көмекке 1 815, стационарлық емдеуге 863 адам жүгінді. 598 науқас үйге шығарылды. 265 адам ем алуды жалғастыруда. 67 адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр».

Жалпы алғанда, Серік Шалабаев елдегі жағдай тұрақты екенін, қылмыскерлерді қатаң тергеуге алғанын айтты. Өлім-жітім саны әлі де болса арту мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бірнеше қаладағы дәрілік қоймаларда тәулік бойы күзету қамтамасыз етілгенін алға тартты.

Әлихан Файызхан