Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні

85

10 қаңтар — жалпыұлттық аза тұту күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты осы күнді қаралы күн деп жариялады.

Ал бүгінде барлық қалаларда жағдай тұрақталған. Тәртіпсіздіктен ең қатты зардап шеккен Алматыда таңертеннен бастап қоғамдық көліктер 11 бағыт бойынша қатынай бастайды. Сауда орындарының бірқатары штаттық режимде жұмыс істеуде. Алайда террористтерге қарсы операция әлі де жалғасып жатқандықтан, қалада байланыс мүлдем жоқ. Денсаулық сақтау минстрлігінің мәліметінше, лаңкестіктің салдарынан Алматыда 103 адам қаза тапқан.

Бүгінде Жамбыл облысында 29 блокбекет жұмыс істеуде. Өйткені ауыл-аймаққа қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпарат бар.

Сондықтан облыста комендаттық сағат енгізіліп, кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың көшеде жүруіне шектеу қойылды. Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан ешқандай әлуметтік-мәдени нысандар зардап шеккен жоқ.

Барлық медициналық емхана шттатық режимде жұмыс істеп тұр. Инженерлік-әлеуметтік обьектілер өз уақытында жұмыс жасауда. Қаладағы дүкендер мен жанармай бекеттерінде баға тұрақты. Сұйытылған газ литріне 60 теңгеден сатылуда. Теміржол бекетіне түнгі 23.00-ден кейін пойыздан түскен жолаушыларды тасымалдайтын арнайы автобус қойылды.

Ал Маңғыстау облысында 8 блокбекет, оның 5-еуі Ақтау қаласының аумағына, 3-еуі Жаңаөзенге қойылды. Коменданттық сағат кезінде яғни, түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 07.00-ге дейін елдімекендерде күшейтілген автопатруль наряды тәртіпті қадағалауда.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда жүрген әрбір тұрғын тәуліктің кез келген уақытында өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүруге міндетті екені ескертілді.

Облыс аумағында жағдай тұрақты. Теміржол мен әуе қатынасы қалыпты жұмыс режиміне көшті. Банкоматтарда кезек байқалмайды. Қоғамдық көліктер жүріп жатыр.
 Әлихан Файзханов