Қ. Тоқаев: «Енді кәсіпкерлерге берілетін грант екі есеге өседі»

260

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында кәсіпкерлерге қуанышты жаңалық айтты. Сөзінше, «Бастау бизнес» білім беру гранты 400 АЕК көлемінде болмақ. Сондай-ақ, жиында мемлекет басшысы «Самұрық Қазына» қорына қатысты үкіметке тапсырма берді. Әрі алдағы уақытта Халық қоры құрылатынын хабарлады.

Бизнес бастаймын деген кәсіпкерлерге берілетін грант 1 225 200 теңгеге көтеріледі. Бұл туралы мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бұған дейін 200 АЕК көлемінде берілген көмек енді екі есеге яғни, 400 АЕК ке жоғарыламақ. Сондай-ақ, ел президенті бұзақылықтан зардап шеккен кәсіп иелеріне мемлекет тарапынын қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады».

Бүгінде «Самұрық-Қазына» ұйымының қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Бірақ қор ұлттық байлықты еселей алды ма деген сауалға жауап іздеген мемлекет басшысы үкіметке секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: “Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын”.

Есесіне, Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеметтік қоры құрылатынын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қазақстан — Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 проценттен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлемуеттік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі».

Айта кетейік, бұл қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Себебі, көп отбасылар емдеу ақысын көтере алмайды. Сондай-ақ балаларға арналған спорттық нысандар да салынады.

Президенттің айтуынша, Алматы қаласының қатігез трагедиядан кейінгі оңалуына да жәрдемдесу керек. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына да қолдау көрсетілмек.

                                                                                    Мөлдір Ибадуллаева