Қазақстанда жыл басынан бері компаниялардың шамамен үш пайызы жабылған. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы ұсынды. Сарапшылардың айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің азаюы кәсіпкерлерге түсетін қысымның күшеюімен байланысты жаңа экономикалық жағдайдың қалыптасып жатқанын көрсетеді. Кейбір кәсіпкерлер өзгермелі талаптарға бейімделе алмады: салық жүктемесінің артуы мен сұраныстың төмендеуі де өз әсерін тигізген.
Қазақстандықтар бизнесін жауып жатыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 65 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмысын тоқтатқан. Негізгі соққы жеке кәсіпкерлерге тиген. Олардың саны шамамен 5 пайызға азайған. Ең үлкен төмендеу көлік және қойма, сондай-ақ сауда салаларында тіркелген. Сарапшылардың пікірінше, бұл қысқару аса критикалық болмаса да, алаңдаушылық туғызады. Кей жағдайларда бұл бизнесті бөлшектеудің салдары болуы мүмкін, яғни бұрын кәсіпкерлер салықтық жүктемені азайту үшін қосымша жеке кәсіпкерліктер ашқан.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ: «Кейбір компаниялар бизнесті бөлшектемей-ақ, қосымша құрылған кәсіпорындарын жабу туралы шешім қабылдады. Ірі және орта бизнес қосымша құн салығы бойынша шегерімдерді толық пайдалана алмайды, сондықтан жабылған компаниялардың бір бөлігі нақты жұмыс істеген кәсіпорындар болса, енді бірі тек айналып өту үшін құрылған құрылымдар болуы мүмкін».
Қосымша қысымға жиынтық сұраныстың төмендеуі де әсер етуде. Қазақстандықтар тауар мен қызметтерді сирек сатып ала бастады. Қаңтар-ақпан айларында ішкі сауда өсімі 3,4 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 6 пайызбен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі ең алдымен базарлар мен шағын бизнеске әсер етуде. Дәлірек айтқанда ірі сауда желілері әзірге ресурстары мен ауқымының арқасында позициясын ұстап тұрса, жеке кәсіпкерлердің айналымы төмендеп жатыр.
МАРАТ ҚАЙЫРЛЕНОВ, «ULAGAT CONSULTING GROUP» ДИРЕКТОРЫ: «Мұндай төмендеу соңғы 30 жылда болмаған. Бұл үрдіс қаңтар мен ақпанда да жалғасын тапты. Нәтижесінде, жиынтық сұранысқа кері әсер етеді. Сондықтан бизнес субъектілері де жабыла береді. Нарық құрылымы өзгеріп, бірінші кезекте тек ең қажетті тауарлар, мысалы, азық-түлік басымдыққа ие болады».
Сарапшылардың айтуынша, кәсіпорындар санының қысқару үрдісі алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Қазір нарық трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Жаңа экономикалық жағдайға бейімделе алған, тұрақты компаниялар ғана сақталып қалады.
Нұргүл Жолымбетова






