Úı ANONS Президент: Қазақстан көмір әлеуетін толық іске қосуы тиіс

Президент: Қазақстан көмір әлеуетін толық іске қосуы тиіс

Мемлекет басшысы Үкіметке көмір энергетикасын ұлттық жоба ретінде дамытуды тапсырды. Оның айтуынша, елде үлкен көмір қорлары бар, ал бұл ресурсты заманауи технологияларды пайдаланып тиімді қолдану энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі. Дегенмен, қазіргі таңда бұл бәсекелік артықшылықтар толық пайдаланылып отырған жоқ. 

Көмір елдің энергетикалық қуатын арттырудың негізгі қозғаушы күші болуы тиіс. Бұл туралы Президент ұлттық құрылтайда айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда шамамен 33 миллиард тонна көмір қоры бар, бұл қазіргі тұтыну деңгейімен есептегенде шамамен 300 жылға жетеді. Жылдық өндіру 110 миллион тоннаны асады, бұл көрсеткіш бойынша ел әлемдік көшбасшылар қатарында.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: «Еліміздің энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан көмірге бай ел. Жылына 110 млн-нан астам көмір өндіреді. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «Таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсіеміз».

Президент жаңа энергетикалық қуатты атом электр станцияларының құрылысын аяқтауды күтпей іске қосуды тапсырды. Қазіргі энергия ресурстары мемлекет жоспарларын іске асыруға жеткіліксіз. Сарапшылардың айтуынша, климаттық жағдайлар тұрақты жылыту жүйесін талап етеді, ал табиғи және сұйытылған газдың тапшылығы таңдау мүмкіндігін шектейді. Балама қуат көздері тұрақсыз, атом энергетикасы әлі жоқ, ал көмір қорлары жеткілікті.

ОЛЖАС БАЙДІЛДИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ЖАНЫНДАҒЫ САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Бұл тамаша энергия көзі, оны сақтау, пайдалану және тасымалдау оңай. Мұндай жағдайда мұнай құбырлары немесе көмір құбырлары қажет емес. Әрине,қалдық шығарындылармен мәселесі бар. Әлемде таза көмір технологиялары бар, олар Еуропада да, Қытайда да кең дамып келеді. Көмір әлемдік генерацияның шамамен 25%-ын құрайды, сондықтан жақын арада одан бас тарту жоспарда жоқ. Бізде бұл энергия көзі көп, оны дұрыс пайдалану және жаңа станцияларды салу маңызды».

Сарапшылардың айтуынша, таза көмір технологияларын енгізгенде олардың құнын есепке алу қажет, себебі осындай энергия құны қазіргі бағаға қарағанда шамамен екі есе қымбат болады. Солай бола тұра, көмір энергетикасы жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасымен бәсекеге түседі. Ал бәсеке тұтынушылар үшін әрдайым тиімді.

СЕРГЕЙ АГАФОНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГОҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҰЙЫМДАРЫ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бізге міндетті түрде шетелден жаңа технологияларды әкелу керек болады деп ойлаймын. Көбіне бұл Қытайда қолданылып жатқан таза көмір технологиялары болуы мүмкін, өйткені олар бұл бағытта алға шыққан. Бірақ ең маңыздысы – сол технологияларды тек сатып алып қоймай, кейін оны өзімізде дамыту қажет. Яғни, болашақта көмір электр станцияларын салуға қажет жабдықтардың едәуір бөлігін Қазақстанда өндіргеніміз дұрыс».

Бүгін Үкімет көмір энергетикасын дамыту жоспарына шамамен 7,6 гегаваттқа жуық жаңа жобалар енгізілгенін хабарлады. Бұл жобалар елдегі электр энергиясын көбейтуге бағытталған. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру кезінде таза көмір технологиясын қолдануға және экологияға келетін зиянды барынша азайтуға ерекше көңіл бөлінбек.

Ботакөз Әнуар