Шымкенттің бас полицейі тәртіпсіздіктер кезінде жараланған сақшылардың халін білді

116

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған полицейлердің халін білу үшін ауруханаға арнайы барды.

Қаланың бас полицейі тәртіп сақшыларына бейбітшілік пен келісімді бұзуға оқталған бүлікшілерге төтеп беріп, көрсеткен батылдығы үшін алғысын білдірді.
«Сын сағатта теріс ойдағы лаңкестермен күресіп, азаматтардың тыныштығын қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге төнген қауіп-қатерге қарамай, күн-түн демей, азаматтарымыздың өмірін сақтауда жанкештілік танытқандарыңыз үшін Сіздерге алғысымыз шексіз. Антқа адал полицейлер – елдің қорғаны. Сондықтан, тезірек сауығып, қызметке қайта оралуларыңызды тілеймін. Осындай ержүрек, патриот ұл тәрбиелеген ата-аналарыңызға да рахмет»,- деді департамент бастығы.
Айта өтетін ақпарат, қызметін атқару барысында 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде 2 қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауысып отыр.
Миллионды қала – Шымкентте «коменданттық сағат» тәртібінің орындалуы бақылауда. Қазіргі таңда қаладағы жағдай қалыпты.
QAINAR KÓZ Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі