Түркістандық дәрігерлер ана мен бала өмірін аман алып қалды

91

Түркістандық 21 жастағы жас әйел жүктілігінің 28-аптасында ес-түссіз ауыр халде жедел жәрдеммен Түркістан қаласындағы №3 ОПО-ға жеткізілді.

Жолдасының айтуынша, сол күні әйелі есінен танып, денесі құрысып, құлаған.
Белгілі болғандай, әйелде өкпе аспирациясы қалыптасып, аспирациялық пневмонияға айналған.

Әйел жүктіліктің жетінші аптасында есепке тұрған кезде қан талдауынан тромбоцитопения анықталған.

Дәрігерлер консилиумінде әйелге жүктіліктің ауырлығы мен қауіптілігі жайлы ескертілген. Ол идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура диагнозымен гематология бөлімшесінде ем алған. Бұл жүктілік кезінде ана мен баланың өміріне аса қауіпті. Дәрігерлер пациенттің осындай ауыр жай-күйіне, әрі жүктілігінің айы толмау мерзіміне қарамастан, ана мен нәрестені аман алып қалды.

—УДЗ зерттеуі кезінде жағдайдың ауыр екені бірден байқалды. Ендігі жерде тек екеуін бірдей аман алып қалу міндеті ғана тұрды. Ол үшін ең алдымен, шұғыл шешім қабылдау қажет еді. Ана өмірін сақтау мақсатында, шұғыл ота жасалды. Бұл туралы жолдасынан келісім алынған. Пациенттің жағдайына байланысты оған арнайы тігістер жасалды. Бұл– қайта ота жасау тәуекелінде қолданылатын, яғни медицинада «восьмерка» деп аталатын арнайы тігістер. Пациентте тромбоцитопения болғандықтан тігіс 10-11 күнге дейін тұрады. Жалпы бала көтеруді жоспарлаған болашақ ана, немесе кезекті жүктілік болған әйел өз денсаулығына аса мән беруі тиіс. Жүкті әйелдің денсаулығына бей-жай қарауға болмайды, — деді Түркістан қаласындағы №3 ОПО бас дәрігері Нұржан Махмутов.

Қазіргі сәтте жас ана мен бала дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлердің айтуынша, бала салмағы тиісті нормаға келуі тиіс. Ал анаға моральдік қолдау, күтім және құнарлы тамақтану қажет.

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі