Ұялы телефон ұрлаған бойжеткен ұсталды

116

Елімізде ұрлық қылмысының ішінде ең көп таралған түрінің бірі – ұялы телефон ұрлығы екені жасырын емес. Өзгенің мүлкіне көзі түскен ұрылар, ұрлауға да, сатуға да оңай ұялы телефондарды жымқыруды әдетке айналдырған.

Мәселен, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Ол өз арызында базарлардың бірінде үйіне азық-түлік салынған пакет ішіне салып қойған ұялы телефонын ұрлатып алғанын жеткізеді. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 70 000 теңгені құрайды.
Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын бойжеткен болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жас қыз жәбірленушінің ұялы телефонының аузы ашық пакетте тұрғанын көріп, ешкімнің назар аудармай тұрғандығын пайдаланып, тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сондай-ақ осы уақыт аралығында өзі қолданып жүргенін мойындады. Осылайша күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді.