«Бұзақылар ҰҚК-нің 1,5 мың қару-жарағын қолданған»: Бүлікке қатысы барлар тергелуде

75

Қаңтар оқиғасына ҰҚК қызметкерлері де қатысқан. Осылай деген прокуратура, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қауіпсіздік өкілдерінің де қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Сонымен қатар, «Жабайы Арман» деген атпен белгілі Арман Жұмагелдиевке бүлік кезінде 24 адамды ұрлады деген айып тағылуда. Бұл туралы баспасөз брифингінде айтылды. Сондай-ақ, бұзақылардың бір жарым мыңға жуық қару қолданғанын белгілі болды.

Бүгінде темір торға тоғытылған белсенді Арман Жұмагелдиевтің үстінен бірнеше бап бойынша іс қозғалып отыр. Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Жабайы Арман алғашында қару сақтағаны үшін қолға түскен. Алайда қазір оған «24 адамды ұрлады» деген айып тағылып отыр. Ал бұған дейін ел арасында сан түрлі қауесет тараған еді.

Ризабек Ожаров, Қазақстан Республикасы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы: «Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде түрлі болжамдар мен жалған ақпаратт таралуда. Жұмагелдиев босатылды немесе белгісіз орынға жеткізілді деген болжам тараған. Бастапқыда бұл азаматты полиция қызметкерлері заңсыз қару сақтағаны үшін ұстаған болса, қазір ол да жаппай тәртіпсіздікке қатысты іс бойынша қамауға алынғанын ресми түрде хабарлаймын. Сондықтан екі іс біріктіріліп, одан әрі қарау үшін арнайы прокурорларға беріледі. Біз оны ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырдық».

Прокуратураның хабарлауынша, Жұмагелдиевтің тобы бұған дейін Алматыдағы ауруханада қатты соққыға жығылған полиция қызметкерлерінен қару тартып алған. Сондай-ақ, олар қақтығыс кезінде жараланғандарды қатты соққыға жыққан. Арасында қайтыс болғандары да бар екен. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал адвокат Евгений Яворский мұнда прокуратура тарапынан заң бұзушылық бар екенін жеткізді. Өйткені бұл істе құпия сақталуы тиіс ақпараттар жария етілген көрінеді.

Евгений Яворский, адвокат: «Мен бүгін көрсетілген деректерді тексеріп шығу туралы бас прокурорға арыз жаздым. Халық арасында расымен қауіпті банда бар секілді пікір қалыптасып қалды. Ожаров мырзаның неге сүйеніп Арман Жұмагелдиев туралы айтқанын түсінбедім. Себебі сот шешімі шыққан жоқ. Әлі кінәлі деп танылған жоқ. Ал Ожаровтың сөзіне сүйенсек, айып тағылып қойған секілді. Сонымен қатар, бұл істің құпиялығын да ескеру керек, яғни ешқандай ақпарат сыртқа шықпауы тиіс! Бұл заңбұзушылық болып есептеледі».

Сондай-ақ брифингте бүлікшілдердің бір жарым мыңға жуық қару қолданғаны айтылды. Ризабек Ожаровтың сөзінше митингке шыққандар ІІМ мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты гранат, пулемет мен автоматтарын қолданған.

Ризабек Ожаров, Қазақстан Республикасы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы: «Өкінішке қарай, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қарамастан, қызметкерлер қарсылық көрсетпей, қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттарын тастап кеткен фактілер де орын алды. Нәтижесінде, бүлікшілердің қолына 1,5 мыңнан астам қару түсті. Олардың ішінде пулемет, тапанша, граната бар. Бұл қару жарақ дүкендерінен ұрланған қаруларды есептемегенде. Бар болғаны 967 бірлік табылды, қалған қару-жарақ әлі қолында. Полиция оны тауып, ұстау шараларын жүргізіп жатыр».

Қауіпсіздік комитет қызметкерлері де қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Қадағалау органының мәліметінше, бүлік кезінде кейбір қалалық қауіпсіздік күштері ешқандай әрекет етпеген көрінеді. Және ол үшін жазалануы керек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылып, қамауға алынған еді. Басқарманың бұрынғы басшысы мен оның екі орынбасарына «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылып отыр.

                                                                                      Мөлдір Ибадуллаева