Орта бизнес өкілдеріне төлем беріле бастады

74

Өңірлерде зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне залалды өтеу үшін төлем беріле бастады. Бұл туралы ҚР Премьер министрінің ресми сайтында жарияланды. Бүгінде бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін құрылған өңірлік комиссиялар кәсіпкерлерден түскен өтінімдерді қарап жатыр.

31 қаңтардағы жағдай бойынша «InfoKazakhstan.kz» электрондық платформасы арқылы Алматы, Шымкент қалаларынан және Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан залалды өтеуге 2000-нан астам өтінім келіп түскен.

Шығынды өтеу тетігі өтінімдерді оңайлатылған тәртіп бойынша қарайды. Яғни, сот сараптамасының қорытындылары негізінде өтініш берушінің қалауына қарай қарауды көздейді.

Қазіргі таңда Алматы қаласында сараптамаларды жедел жүргізу үшін 33 сарапшы жұмыс істейді, 68 сот сарапшысынан тұратын қосымша резерв құрылған.
Алғашқы өтемақылар өтініш білдірген бизнесмендердің есеп шотына аударылып үлгеріпті. Мәселен, Алматы қаласында 17 кәсіпкер жалпы сомасы 33 млн теңгеге қаржы алған. Үкімет бизнестің қызметін қалпына келтіру мақсатында оларға келтірілген залалды жедел өтеу жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастырады.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева