Ресей мен Украина арасындағы жағдай шиеленісті

178

Қазір бүкіл әлемнің назары Украинадағы жағдайға ауып отыр. Ресей әскерлері Харьковқа жақындап, Президент Путин басқа елдерге үндеу жасады. Ол болып жатқан шиеленіске ешкімнің араласпауына және Укранина әскерлеріне қаруларын тастап берілуге шақырды. Ал Қазақстан болса, өз азаматтарын Украинадан шығара бастады.

Қазіргі таңда Украинадағы ахуал шиеленісіп тұр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ол жақта есепте тұрған қазақстандықтардың саны 517, ал жалпы саны мыңнан асады. Олардың арасында елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ студенттер мен бизнес өкілдері бар. Қазір барлығы дерлік Украинадан шұғыл түрде эвакуацияланып жатыр.

«Отандастарымыз Харьков, Львов, Одесса және Днепр қалаларында орналасқан ҚР Құрметті консулдарының кеңселеріне жүгіне алады».

Ресей басшысы Владимир Путин өз сөзінде өзінің ұстанымынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Ол бұл қақтығысқа ешкімнің араласуына жол бермейтінін жеткізді. Егер де кімде-кім араға түсетін болса, оларға беретін жауап көпке созылмайды деп қадап айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті: «Бұл жағдайға сырттан араласқандарға Ресейдің беретін жауабы лезде болады. Ал ол жауаптың салдары өте ауыр болады. Тарихта бұрын-соңды көрмегенді көрсетеміз. Біз кез келген жағдайға дайынбыз. Қажетті шешімнің бәрі қабылданды».

Владимир Путин Украина әскерилерін қару-жарақтарын тастап, үйлеріне қайтуға шақырды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті: «Дереу қару-жарақтарыңызды тастап, үйге қайтыңыздар. Бұл талапты орындаған барлық әскери қызметшілерге қауіп жоқ, ұрыс аймағынан еркін үйіне қайтуына рұқсат».

Айта кетейік, іргелес мемлекеттерде болып жатқан оқиғалардың салдары теңгенің құлдырауына әкеліп отыр. Қазір ақша айырбастау пункттерінде 1 долларды 475 теңгеге бағалауда. Қоғамда бұл жағдайды әркім әр қалай қабылдап жатыр. Бірі Украинаны өз жайына қалдыра беру керек десе, енді бірі елді құтқару қажет деп есептейді.

Сонымен қатар, Қазақстанның әуе компанияларына Украинаның әуе кеңістігінің үстінен ұшуға тыйым салынды. Авиациялық әкімшілік тұрақты, жүк және чартерлік әуе тасымалдарын орындайтын отандық әуе компанияларына жағдай тұрақталғанға дейін Украина аумағына және оның әуе кеңістігінің үстінен ұшпау керек деген нұсқаулық берді.

Әлихан Файызханов