Úı ANONS Көлік қымбаттай ма?

Көлік қымбаттай ма?

Желтоқсаннан бастап Ресейде автокөліктерге салынатын утилизациялық алым көлемі артады. Жаңа талаптар шетелдік көліктердің жеткізілуін шектеп, отандық өндірісті қолдауға бағытталған. Алайда сарапшылар мұның өзі нарықтағы қажеттілікті жаба алмайтынын айтады. Сондықтан ресейліктер көлік сатып алу үшін Қазақстанға ағылуы мүмкін.

Желтоқсанның басынан бастап Ресейде көліктер айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Бұған себеп – утилизациялық алымның көтерілуі. Көрші елдің автобизнесіне қазірдің өзінде тұрақсыздық байқалады. Сарапшылардың айтуынша, жаңа ереже көлік сатып алушыларға қолайсыздық туғызады. Себебі шетелдік машиналар қымбаттап, қолжетімсіз болмақ. Ал жергілікті зауыттар сұранысты толық өтей алмауы мүмкін. Сондықтан ресейліктер көлік алу үшін Қазақстанға бет бұра бастады. Егер утильалым одан әрі өссе, бұл ағым тіпті күшейе түспек.

Арсен Шакуов, «Общая дорога» қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті:  «Ресейде утильалым мөлшері артса, ресейліктер бізге келіп, тек 12 пайыздық қосылған құн салығын төлеп көлік алуға тырысады. Мүмкін, оларда да Қосылған Құн Салығы мөлшерлемесі өзгеретін шығар. Жалпы, бұл қазақстандық нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ Ресейге қарай көліктердің көптеп ағылуы байқалса, онда бізде аз да болса тапшылық сезілуі мүмкін»

Сарапшылардың айтуынша, Ресейдегі утильалымның өсуі Қазақстанда да осындай қадамдарға жол ашуы ықтимал. Бұл – нарықтағы тепе-теңдікті сақтау үшін жасалатын шара. Қазір Ресейдегі жаңа төлем мөлшері біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Алексей Алексеев, автосарапшы: «Әрине бұл алаңдайтын мәселе. Бізде автозауыттар бірінен соң бірі салынып жатыр. Тек осы айда екі зауыт ашылды, алдағы екі жылда Алматыда тағы бір кәсіпорын іске қосылады. Әрине, отандық өндірушілер өз нарығын қорғауға тырысады. Сол себепті Ресей мен Қазақстан арасындағы тарифтерді теңестіру туралы заңдар қабылдануы да мүмкін»

Мамандардың пайымынша, Ресейдегі утильсбордың жаңа мөлшері күшіне енгеннен кейін ғана оның қазақстандық нарыққа нақты әсері байқалмақ.

Әсел Мәлік