Úı ANONS Ресейде «Уәлиханов оқулары» өтті

Ресейде «Уәлиханов оқулары» өтті

Омбы қаласында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Уәлиханов оқулары» өтті. Көрнекті қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, саяхатшы және дипломат Шоқан Уәлиханов бүгінгі күні де халықтар мен өркениеттер арасындағы алтын көпір, мәдени диалогтың символы ретінде бағаланып отыр, – дейді шараға қатысушылар. 

Омбы өңірінде өткен бұл мәдени шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және өзге де елдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік құрылымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Басқосудың басты мақсаты – Шоқан Уәлихановтың бай ғылыми мұрасын терең зерттеп, оның Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін тануға қосқан өлшеусіз үлесін айқындау.

Керім Қожамбердиев, Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы бас консулы: «Мұндағы мақсатымыз біздің – Шоқан Уәлихановтың еңбектері тек XIX ғасыр емес, қазіргі күнде де өте маңызды екенін. Ғылыми еңбектерінің маңыздылығы екі елдің арасындағы, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы байланыстарды дамытуға өте үлкен үлес қосып отыр деп есептейміз».

Шара барысында XIX ғасырдың ортасында Шоқан білім алған Сібір кадет корпусында «Ғалым жолы» атты экскурсия ұйымдастырылды. Ғалымның ғылымға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан да оның еңбегін ескеріп, есімін ұлықтау – Омбы жұрты үшін де маңызды дейді ұйымдастырушылар.

Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» журналының бас редакторы: «Шоқан Уәлихановтың өмірі Омбымен тікелей байланысты. Сібір кадет корпусына оқуға келген 12 жасар бала 5 тілді меңгеріп, өз достарын тапты. Сондықтан ғалымның мерейтойын өткізуге бас консулдық, Омбы үкіметі, қоғам белсенділері, бәріміз атсалысып жатырмыз».

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалында Шоқан еңбектері талданып, оның экспедициялары мен Қашқарға жасаған құпия сапары жайында кеңінен әңгіме қозғалды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей мектептері арасында өткен «Шоқан Уәлиханов: Дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жалпы Шоқан Уәлиханов — Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия тарихында ойып орын алған энциклопедист-ғалым. Сондықтан оның 190 жылдық мерейтойы алдағы уақытта Ресейдің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.

Индира Асанова

                                                                                                                         Мәскеу