Шымкентте газдан улану көрсеткіші өсті

159

Шымкентте көгілдір отыннан зардап шеккендер саны артып келеді. Жылыту маусымы басталғалы қазірдің өзінде 387 адам уланып ауруханаға түскен. Ал алты тұрғын аталған апаттан көз жұмды. Қазір «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорнының құтқарушылары мен қызметкерлері осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті рейд жұмыстарын жүргізуде.

Мамандар тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін жиі бұзатынын айтады. Көпшілігі, тиым салынғанына қарамастан жуынатын бөлмелерге ағынды газды су жылытқыштарын орнататын көрінеді. Сарапшылар осындай заң бұзушылықты көрген сәтте, тұрғындарға қаншалықты қауіпті екенін жеткізуге тырысамыз дейді.

Мұрат Мұхамедов, Шымкент қаласы Қаратау ауданы ТЖ бөлімінің қызметкері:
«Көпшілігі бізді тексеруге келді екен деп, үйлеріне кіргізгісі келмейді. Біз оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру үшін келгенімізді айтамыз».

Қала тұрғындарына өз қателігінен емес, өзгенің қателігінен сабақ алуы үшін түсіндіру жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатыр. Бір күнде мүмкіндігінше біршама үйдің қауіпсіздігіне көз жеткізуге тырысамыз деген құтқарушылар, мектептерге де барып, арнайы шаралар өткізіп тұратынын жеткізді.

Гүлнар Әсембекова, № 27 мектеп мұғалімі: «Ең алдымен, адамдар қауіпсіздік туралы ойлануға міндетті. Әсіресе, адам өміріне байланысты болса. Менің ойымша, адамдар не нәрсеге назар аудару керектігін білуі үшін ақпараттандыру өте маңызды».

Жылыту маусымында мегаполисте қайғылы статистика күрт өсті, деп хабарлады «ҚазТрансГазАймақ». Сала қызметкерлері тағы да газ жабдығымен ешқандай манипуляция жасамауға, олардың дұрыс жұмыс істеуін бақылап, желдету құбырлары мен мұржаларды мқұият тексеруге және үйде газ дабылын орнатуға шақырады.

Бауыржан Байтөреев, Шымкент қаласы бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ авариялық-диспетчерлік қызметінің бастығы: «Көмірқышқыл газымен уланудың негізгі себептері – мұржалардың талапқа сай болмауы. Кейде ол түтін мұржасы болса да, оның ішінде тарту жүйесінде ақаулықтар кездесіп жатады. Мұның бәрі көміртегі тотығымен улануға әкеледі».

Құтқарушылар мен газ қызметкерлері заңбұзушылық байқалған үйлерге бір-екі күннен кейін қайта келіп, ескерту жасайды. Өйткені, кез келген ақау санаулы минуттарда қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін.

Аида Қарсыбайқызы