Шымкентте «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты ұсталған 14 адам қамаудан босатылды. Оларды Ич-167/11 мекемесінің алдында туыстары күтіп алды. Айта кетейік, бұған дейін олардың 19-ы ешқайда кетпеу туралы қолхат жазу арқылы бостандыққа шыққан еді.
Бұл «Қаралы қаңтар» оқиғасы кезінде ұсталған азаматтардың туысы. Бүгін Шымкентте тағы 14 адам босатылады деген ақпарды естіген соң, барлығы Ич-167/11 мекемесінің алдына жиналған. Айтуларынша, олар бұл күнді асыға күткен. Тіпті кейбірі көз жасына ерік берді.
5 қаңтар күні алаңға шығып видео түсіруді көздеген Нұрлыбай Қатаевты тәртіп сақшылары ұстап алып кеткен. «Мен ештеңені бүлдірген жоқпын» деген ол әр азаматтың бейбіт шеруге шығуға құқығы бар деп есептейді. Сондықтан үстінен қозғалған 4 баппен де келіспейтінін жеткізді. Ал қазір Нұрлыбай ешқайда шықпау туралы қолхат жазу арқылы бостандыққа шықты.
«Тағылған айыппен келісесіз бе?, деген сұраққа: «Жоқ, мен ештеңе ұрлаған жоқпын, ештеңе бүлдірген жоқпын. Сөздің шыны керек, ешнәрсе өртеген жоқпын. Ары қарай енді ішкі істер қызметкерлері жұмыс істеп жатыр ғой. Не болды? Қалай болды? Видео бар дегендей? Шындыққа жетеді деп ойлаймыз”, деп жауап берді Нұрлыбай Қатаев.
Босатылған азаматтардың айтуынша, уақытша ұстау изоляторында ешқандай ұрып-соғу мен бопсалау болмаған. Әрі мекемеде жақсы жағдай жасалған көрінеді.
Тахир Ишметов, тұрғын: “Мұндай жерді тек фильмнен ғана көрдік. Ешкімнің басына бермесін. Бірақ камера жылы болды. Ешкім бізді ұрған да жоқ, соққан да жоқ. Барлығы адамгершілікпен қарады. Бізді бүлік болып жатқан жерден алып кеткен кезде “қауіпсіз жерде боласыңдар” деді. Расында біз қауіпсіз болдық”.
Ич-167/11 мекеме қызметкерлері де ұсталғандарға тиісті медициналық көмек көрсетілгенін айтады. Олардың ешқайсының денсаулығынан кінарат табылмаған.
Бағдат Асылбеков, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары: «Ұсталған тұлғалар мекемеге келгеннен кейін мекеменің медицина бөлімі және қалалық денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген емхана қызметкерлерімен бірге толық зерттеуден өткізілді. Оларға қажетті медициналық қызмет көрсетілді. Ұсталғандар тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ».
Айта кетейік, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қаңтар оқиғасына қатысты 106 адам келіп түскен. Оларлың ішінде кәмелетке толмаған бір бала бар. Ал бұған дейін ұсталғандардың 19-ы, ал бүгін 14-і ешқайда кетпеу туралы қолхат жазу арқылы бостандыққа шықты.
Мөлдір Ибадуллаева