Ө.Шөкеев түркістандықтарды наурыз мерекесімен құттықтады

102

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтады.

«Қадірлі Алаш жұрты!
Құрметті түркістандықтар!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы үшін Наурыздың орны айрықша. Наурыз – жылдың басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың белгісі. «Наурыз – Қазығұрттан басталады» демекші, аңыз бен шежіреге толы Түркістан өңірінің қонақжай және еңбекқор, бірлігі жарасқан халқы жылды толайым табыстармен қарсы алып отыр.

Облыстың инфрақұрылымын жақсарту, елдің әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркі әлемінің орталығы – Түркістан қаласы жаңа кейіпке енді. Үш жылдан астам уақыт ішінде қосымша 100 мың адамға қызмет ететін инфрақұрылымы қаланып, тұрғын үйлер салынды, халық игілігіне қызмет ететін ғимараттар саны күрт артты. Өңірде «Жасыл белдеу» аумағы ұлғайып, су қоймалар салынды. Бұл – үлкен еңбек. Сондықтан келелі істің басынан табылып, Түркістанды дамытуға атсалысып жүрген Түркістан жұртшылығына алғысымды білдіремін.

Наурыз мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Қазақстанның жаңа саяси стратегиясын жариялады. Өз Жолдауында Президентіміз «Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз.

Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді» дей келе ауқымды саяси реформаларды ел болып жүзеге асыруға шақырды. Атқарушы органдарға, әкімдерге ауқымды міндеттер жүктеді. Біз осы бастамаларды жүзеге асыруға бар күшімізді салатын боламыз.

Ардақты ағайын!

Ата-бабаларымыз Наурыз мерекесіне бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ел ақсақалдары ақ батасын берген. Араздарды татуласып, бірлік салтанат құрған. Жұртшылық арық-атыздарды тазалап, бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызған. Жаңа күнді, жаңа жылды жаңаша серпінмен қарсы алып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп ақ тілегін жаудырған. Биыл мемлекетімізде ел бірлігі сыналған күрделі оқиға өтті. Халқымыз бұл қиындықты еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Осы ынтымағымыз мәңгі жасасын!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, әрбір бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Ұрпағымыздың денсаулығы мықты, әр қадамы құтты, халқымыздың әр таңы шуақты, бақ-берекесі тұрақты болғай! Наурыз құтты болсын, ағайын!».