Жылдың алғашқы екі айында ЖІӨ өсу қарқыны 3,5 пайызды құрады

107

  Қаңтар-ақпан айларында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5%-ті құрады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

«Осы жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ке дейін жеделдеді. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектор өсімінің жеделдеуі, сауда мен байланыста өсімнің қаңтардағы төмендеуден кейін қалыпқа келуі, өндіруші емес секторларда инвестициялардың қарқынды өсуі байқалуда», — деді Қуантыров үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, нақты сектордағы өсім 4,7%-ті құрады.
Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,1%-ке дейін ұлғайды.
Салалар арасында көлік және қоймалау, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сауда, сумен жабдықтау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсеткен.
Қаңтар айында сыртқы сауда тауар айналымы 63%-ке өсіп, 8,8 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 86%-ке өсіп, 6,1 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауар экспорты 56%-ке артып, 1,7 миллиард доллар болды. Тауар импорты 2,8 миллиард долларға дейін жетті.
Жалпы, оң сауда балансы 3,3 миллиард долларды құрады.
Шынар Оразова