Түркістан облысында шегірткеге қарсы дәрілеу жұмысы басталды. Оған 2 мыңнан аса маман тартылған. Әкімдік мәліметінше, 1 миллион гектар жерге мониторинг жүргізілген. Оның 420 мың гектардан астамына химиялық өңдеу жүргізіледі.
Өткен жылғы құрғақшылықтың салдарынан, биыл шегіртке ерте аяқтанып, қаптай бастаған сыңайлы. Сондықтан Түркістан өңірінде фитосанитариялық қауіпсіздік күшейтіліп, мамандар шегірткеге қарсы күресті қазірден бастап кетті.
Арнайы штаб құрылған. Бас штаб Келес ауданында жұмыс істеп жатыр. Ресми дерек бойынша, мароккалық, азиялық және италиялық шегірткелер анықталған. Жалпы 1 миллион гектар жерге мониторниг жүргізілген болса, оның 420 мың гектардан астамы химиялық өңдеуден өткізілген.
Шегірткемен күреске 2 мыңнан астам адам тартылған. 400-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар бұл тек ауыл шаруашылығын қорғау ғана емес, аймақтың экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін сақтау дейді.
Биыл шегірткеге қарсы күреске 133 миллион теңге бөлінген. Залалсыздандыру жұмысы Арыс қаласы мен Келес, Сарыағаш, Шардара ауданында жүргізіледі. Айта кетейік, өткен жылы шегірткемен күреске бюджеттен 535 миллион теңге бөлінген еді. Аймақта жылда шегіркеге қарсы іс-шара жүйелі түрде ұйымдастырылады.
Дилара Иса






