1 Мамыр — Ұлт пен ұлыстың ынтымағын ұлықтайтын мереке

119

Шымкентте 1- мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлау басталып кетті. Бүгін Қаратау ауданында «Ел бірлігі — мемлекет тұрақтылығының тірегі» атты мерекелік кеш өтті. Жиын барысында ел ынтымағы мен бірлігін бекем ұстауға үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болып, әр ұлттың төл өнері ұлықталды.

1 мамыр — достық пен келісімнің нышанына айналған мереке. Шырайлы Шымкент жұрты жыл сайын бірлік күнін жоғары деңгейде атап өтеді. Көптеген этнос өкіліне шаңырақ болған Шымқалада айтулы мерекені тойлау басталып та кетті. Қаратау ауданында 1 мамырға қарсы мерекелік концерт өтіп, үшінші мегаполисте тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бас қосты.

Қаратау ауданында 30 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Аудан әкімі Рақымберді Мүлкемановтың сөзінше, «көптеген ұлт өкілдерінің ынтымағы жараса берекелі, бейбіт ғұмыр кешуі халықтың тату-тәтті өмір сүруі — бір-біріне деген сыйластықтың нәтижесі».

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Қазақстан халқы бірлікте болғанды, тату тұрғанды, көршімен, ағайынмен тату болғанды жақсы көреміз. Сол секілді елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Мұның өзі халқымызға үлкен пайдасын тигізеді. 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын. сыйласып, татулықта, жақсы қарым-қатынаста өмір сүрейік!».

Жиында ел ынтымағы мен бірлігін бекем ұстауға үлес қосқаны үшін бірнеше ұлт өкілдері марапатталды.

Лобар Захидова, Өзбек драма театрының әртісі: «Қазақстан халқын «1-мамыр бірлік күнімен» құттықтаймын! Әрбір ұлт өкілі арасындағы татулық, осы бақытты күндер мәңгілік болсын деп тілеймін! Мереке құтты болсын!».

Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Башат Алиев «бірлік — ең басты байлық» екенін айтады. Қария ұлтымыз түрік болғанымен, келіндеріміз қазақ, өзбек ұлтының өкілдері дейді. Ал үйде барлық отбасы мүшелері қазақ тілінде сөйлеседі екен.

Бачак Алиев, Шымкент қаласы «Ахыска»  түрік этномәдени  орталығы қоғамдық бірлестігінің филиалының мүшесі: «Бірлік мерекесі — ауызбірлікке, бақ берекеге толы мейрам. Құтты болсын! Қазақта айтады ғой «бақ-береке қайда барасың, ынтымаққа барамын дейді». Міне, солай. Қазақстан халқына алғысым шексіз!».

Ал корей ұлтының өкілі Тимур Пак мектеп қабырғасында балаларға денешынықтыру пәнінен тәлім береді. 4 бала тәрбиелеп отырған әке ислам дінін қабылдаған. Ол айтулы мерекенің маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек дейді.

Тимур Пак, «Шымкент қалалық корей қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «130-дан астам ұлт өкілдері тұрады Қазақстанда. Репрессия кезінде қазақтар кеңпейілдік танытып, барлығына көмек беріп, балаларының ауыздарынан жырып, нандарын бөліп берген. Сол жақсылығын әжем қайтыс болғанша айтып кетті. Әжемнің алғысын мен де сіздерге жеткізіп жатырмын».

Бірлік пен татулық күнінде аудан тұрғындары әр ұлттың өнеріне қанық болды. Түрлі этнос өкілдері де ақ жүректен шыққан ізгі тілектерін жаудырды. Ал ұлт пен ұлыстың ынтымағын ұлықтайтын мерекеге арналған іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын табады.

Гүлдана Дәурен