Абай ауданының тұрғындарын жол, газ, және су мәселесі толғандырады

137

Қала әкімінің есебі жалғасуда. Мұрат Әйтенов бүгін Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Күн тәртібінде атқарылған жұмыстың есебі ғана емес, проблемалық сауалдарды шешу де бар.

Ал тұрғындарды толғандырған сұрақ жеткілікті. Абай ауданы басқа аймақтармен салыстырғанда жол, су және қоғамдық көлік мәселелері бойынша көш бастап тұр.

Бұл залға Қазығұрт және Құрсай шағынаудандарының тұрғындары көбірек жиналған. Оларды жол мен судың мәселесі толғандырады. Шенеуніктер проблеманы толық шешу үшін уақыт қажет екенін айтады. Ал қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталып қойған.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Ауыз су алтыншы айда беріледі».

Тұрғындар қала әкіміне үйлерге қашан газ береді деген сауал жолдады. Мұрат Әйтенов бұл мәселе жақын арада шешілетінін, қазір АГРС-3-ті қосу және газ жүргізу бойынша соңғы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Есеп беру мен сұрақ-жауап аяқталғаннан кейін, тұрғындар әкімнен көтерілген мәселелерді ұзатпай шешуді сұрады. Және басты талаптары — шенеуніктер өз міндетін орындап, халықпен байланыста болса дейді.

Қала әкімінің сөзінше, ешқандай мәселе назардан тыс қалмайды. Мұрат Әйтенов баяндамадан кейін жауаптыларға тұрғындармен бірігіп жұмыс істеуді тапсырды. Енді әкімдік қызметкерлері мәселелерді шешу үшін проблема туындаған мекен жайларға арнайы барады.

 Гүлдана Дәурен