«Арматура, тас және коктейль»: Жаппай тәртіпсіздікке үлес қосқан шымкенттік ұсталды

99

Шымкентте тәртіпсіздік кезінде арматура мен тас жеткізуді ұйымдастырып отырған азамат ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Шымкент алаңында бұзықылыққа қатысқан 52 адам анықталғанын жеткізді. Әрі бейне жазбалар арқылы 12 арандатушы белгілі болыпты.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары: «Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздіктерді қаржыландыру және 5 қаңтарда қала әкімдігі мен Полиция департаментіне шабуыл жасау кезінде қолданылған арматураны, тастарды және «Молотов коктейльдерін» жеткізуді ұйымдастыру күдігі бойынша «С» есімді азамат ұсталды».

Ал полицейлер бүгінге дейін 1 430 бірлік қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәріні тауып, тәркілеген. Онда тапанша, автомат, гранатомет, арнайы қару, мылтық, пулемет және басқа да қару түрлері бар. Әрі полицейлер қазақстандықтардың 340 млн. теңгеге бағаланатын заттарын тауып беріпті.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы: «Қазіргі уақытта полиция органдары құны 340 млн. теңгеден астам сомаға бағаланатын азаматтарымыздың ұрланған мүлкін анықтап, тәркіледі. Ұрланған қаруды алу үшін іздеу бойынша белсенді жұмыс жалғасуда, өйткені бұл қарулар халықтың өмірі мен денсаулығына әлеуетті қауіп төндіреді, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған кезде қолданылуы мүмкін».

Жалпы елдегі бұзақылылққа 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқаны белгілі болды. Ал ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 1090 қылмыстық іс бар. Қазіргі уақытта 165 адам қамауда, олар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары: «Олардың ішінде ең белсенділері Жұмагелдиев («Дикий Арман»), «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары болды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 23 мүшесі қамауға алынды, оның ішінде 4 «қылмыс авторитеті». Бұл қылмыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау және жауаптылыққа тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда».

Сондай-ақ, 377 күдіктіге қатысты қылмыстық істерді тергеу аяқталып, сотқа берілген. Олардың 196-ы ұрлық жасағаны үшін істі болған. Ал 39-ы қаруды заңсыз иеленген.

                                                                                              Мөлдір Ибадуллаева