Мәжілісте мемлекеттік қаржының тиімсіз жұмсалуы жөнінде мәселе көтерілді

6

Мәжілістің кезекті отырысында әкімдіктердің бюджеті туралы сөз қозғалды. Депутаттар не себепті маңызды проблемаларды шешуге қаржы жоқ екенін, ал кейбір қажетсіз пункттерді сатып алуға қаражат табыла кетеді деген сауалды көтерді. Мәселен, қар тазалауға миллиардтаған қаржы жұмсалады. Елордада бұл үшін күніне 100 миллион теңге бөлінеді екен. Сонымен қатар, жиында қаржы пирамидаларының жарнамасы мен перзентханалардың жабдықталуы жөнінде де айтылды.

Халықтың қаржысы қайда кетіп жатыр? Мәжілісте мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы туралы сөз қозғалды. Депутат Динара Закиеваның асөзінше, көптеген қаражат желге ұшып жатыр. Ал оған көз жеткізу тіпті қиын емес.

Динара Закиева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Мен жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерін тек екі бағыт бойынша зерттедім. Нәтижесінде өткен екі жылда іссапарлар мен мерекелерді безендіруге оңтүстікте 2020-2021 жылдары 3 млрд теңгеден астам, ал Солтүстік Қазақстан облысында – 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Ал Жамбыл облысының мәліметіне сүйенсек мерекелік безендіруге қаражат бөлінбеген. Яғни, байқағандарыңыздай артық шығынсыз да мерекені атқарып шығуға болады».

Қар тазалау шығындарының барысы да наразылық тудырды. Мысалы Атырау облысында соңғы үш жылда бюджеттен 327 милион қар тазалау үшін бөлінген. Ал елордада КҮН сайын бұл жұмысқа жүз миллионнан астам қаржы жұмсалады. Мәжілісте жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді.

Депутаттар халықты қаржы пирамидаларының адал жұмыс істейтініне «жақсы сендіретін» қазақстандық жұлдыздар үшін де жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін күшейтуді талап етті. Себебі, соның салдарынан адамдар ақшасыз қалып қана қоймай, автокөлігінен, тіпті жылжымайтын мүлкінен де айырылып жатыр.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Заң жобасында барлық брокер мен дилерлер қаражат салғысы келетін адамның қаржылық сауаттылығына байланысты құралдарды — акцияларды, облигацияларды ұсынуды міндеттейді. Яғни, брокер немесе дилер бұл адамның экономикалық білімі бар-жоғын, бағалы қағаздарды қалай басқаруға болатындығын немесе білмейтінін түсінуі керек. Ал оның біліміне байланысты адамға белгілі бір қаржы құралы ұсынылады. Болашақта бұл біздің азаматтарды бағалы қағаздар нарығындағы осындай салымдар мен операциялардан қорғауға ықпал етеді деп ойлаймын».

Мәжіліс депутаттарының арасында перзентханаларды жабдықтау тақырыбы да көтерілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда жабдықтың тозуы 85% – ға дейін жеткен көрінеді.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты»2020-2021 жылдардағы ана өлімінің көрсеткіші Қазақстанда шамамен 3 есеге өскен. Бұл индикаторлармен біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйынымының тұрақсыз жағдай мен гуманитарлық проблемалары бар деп белгілейтін әлемдегі ең кедей елдердің деңгейіне түстік».

Мәжіліс депутаты «ана өлімі орын алған көп жағдайдың алдын алуға болар еді» деп есептейді.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты «Осыған байланысты, уәкілетті органда перзентханалар мен перинаталдық орталықтарды, сондай-ақ босандыру және неонатология бөлімшелерін қазіргі заманғы медициналық жабдықпен тез арада жарақтандыру қажеттігіне назар аударуы қажет. Өйтпеген жағдайда, біз ана өлімін 2025 жылға қарай «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жоспарланғандай, жаңа туған мың нәрестеге шаққанда 14,5 пайызға дейін азайта алмаймыз.»

Қытайдан әкелетін тауарлардың радиациялық шамадан асып кетуі алаңдаушылық туғызады. Өткен жылы осындай жүзден астам жағдай орын алған. Қазір Қазақстан постфактуммен жұмыс істейді, яғни анықтап, кейін қайта кері жібереді. Бүгін Мәжілісте мақұлданған заң жобасы радиоактивті материалдардың, қалдықтар мен радиациялық қауіпті заттардың заңсыз орын ауыстыруына жол бермейді.

Гүлдана Дәурен