Шымкентте доллар бағамы төмендеп жатыр

91

Доллар бағамы тағы 12 теңгеге төмендеді. Шымкенттің айырбастау орындарында АҚШ доллары 468 теңгеден сатылып жатыр.

Қазақстанда біраз уақыт доллар бағамы шарықтап, қазір қалпына түсе бастады. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, бірінші сәуірде АҚШ доллары 466 теңгеге дейін төмендеген. Шымкенттің айырбастау орындарында америкалық валюта 468 теңгеден сатылуда.

Шымкенттіктер шетелдік валютаны сатып және сатып алып жатқанымен, айырбастау орындарында наурыз айының басындағыдай дүрбелең жоқ. Дегенмен, доллар қымбаттаған уақытта сатып алып, дәл қазір не істерін білмей отырған жандар да жетерлік.

«Дүрбелең болған кезде, мен де басқалары секілді доллар сатып алдым. Бірақ, әдетте, солай болады ғой. Осындай кезде немесе немесе курс өте төмендеген кезде сатып аласың”

“Доллар ауыстырдым теңгеге. Үйге зат алу керек, бәрі асып бара жатыр”,-дейді тұрғындар.

Дегенмен, доллар сатып алуға қазір ешқандай шектеу жоқ.

«Ия, біз долларды сатып жатырмыз. Курсорда қандай баға ілулі, сол бағамен сатамыз. Мысалы, миллион теңгеге де доллар сатып алуға болады»

«Сатып жатыр, өткізіп жатыр, сатып алып жатыр. Ажиотаж жоқ бұрынғыдай 530 кездегідей. Шектеу жоқ”.

Сарапшылар қаражатты «қос валюталы себетте» сақтауға кеңес береді. Ал табысты инвестиция ретінде алтын мен бағалы қағаз нарығын атайды.

Гулия Өтемісова, экономист:

«Доллар сатып алу дұрыс шешім деп ойламаймын. Болжам бойынша жағдай тұрақтанып, доллар 450-460 теңгеге дейін төмендейді. Бұл уақытта, әрине, сатып алуға болады. Бірақ, негізінен, ақшаны түрлі валютада, немесе алтын түрінде, не қандай да бір басқа қаржы құралдарында сақтаған жөн. Бірақ, ақшаны бір валютада ұстау өте қауіпті»

Сарапшылар алдын ала болжам жасауды пайдасыз деп есептейді. Себебі – ұлттық валюта бағамы әлемдегі саяси көрініске байланысты. Бірақ қазір адамдарды одан гөрі елдегі тауарлар бағасының шетел валютасы секілді неге төмендемей жатқаны қызықтырып отыр.

Гүлдана Дәурен