Шымкентте 39 жастағы тұрғынды өз әйелі педофил деп айыптады. Келіншектің айтуынша, ол 8 жасар туған қызына азғындық жасаған.
Сұмдық жайтты жеткіншектің өзі анасына айтып беріпті. Полицейлер отағасын бірден ұстағанымен, көп ұзамай босатып жіберген. Ашынған әйел істің тоқтатылуына тергеуші мен прокурордың күйеуіне туыс боп келуі себеп деп күдіктенеді. Сондықтан, қайтадан қамалуын талап етіп отыр.
Аты-жөнін атамауды өтінген әйелдің айтуынша, ол күйеуінің азғын екенін ақпан айында білген. Көрші келіншектермен серуендеуге шықпақ болғанда қызы үйде әкесімен қалдырмауын өтініп шырылдапты. Себебін сұрағанда, сұмдық жайтты айтқан. Отанасы үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған әке жылға жуық уақыт өз қызына білгенін істеп келіпті дейді.
Жәбірленуші: «Мен үйде жоқ кезде үлкен баламды игротекаға жібереді екен барып ойнап кел деп. Ал кішкентайлар қарап отырады екен мультфильмге қарап, істеп отқан ісіне».
Мұны естіген әйел дереу полицияға арызданбай, ата-енесін шақырған. Бірақ, күнде есірткі шегетін оны туыстары «өзіміз емдеп аламыз» деп арашалапты. Кейін ұрып-соғатынды шығарған соң полицияға арыз түсірдім дейді.
Жәбірленуші: «Тергеуші жігіт пен прокурор барлығы бір ауылдан, кейін білдім бәрі бір ауылдан екен. Рулас. Істің барлығын жылы жауып отыр. Берген айғақтардың бәрін жоққа шығарып отыр. Сол кезде жаңағы айтты мен бұл жағдай педофилдік үшін ары кетсе 10 жыл отырамын. 10 жылдан кейін бәрібір шығып сені, қызымды өлтіремін деді сол кезде».
Аса ауыр айыппен 10 жыл отырмақ түгілі 10 күннен кейін еркіндікке шыққанына заңгерлер де аң-таң. Адвокат Нұркен Қалмырзаев бұл іс бойынша куәгердің бар екенін айтады. Бірақ, тергеуші бұған мән бермепті.
Нұркен Қалмырзаев, адвокат «Негізі куә болған бір жасөспірім бала бар. Оны тергеушіге айтқан дейді. Бірақ тергеуші оны өзінің жауап хаттамасында көрсетпеген. Прокурор өз қаулысында жазады сот-сараптамалары дайын болмауына байланысты осындай босатылуға жатады деп. Ал негізі мұндай жағдайда заң бойынша созылуы керек еді. Себебі ертең ол сараптаманың прокурор білмейді ғой ол ертең қортынды беретінін мысалы».
Ал, полицейлер болса іске енді кірісіп жатыр. Яғни, тергеушіні ауыстырып, куәгерлерден жауап алуды бастапты. Сараптамалар да толық тағайындалғанын жеткізді. Бірақ, әлі күдікті қамауға алынбаған.
Салтанат Қаракөзова, Шымкент қалалық ПД ресми өкілі: «Күйеуі жасөспірім қызына сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны бойынша көрсеткен. Бұл арыз бірден Еңбекші АПБ-ның бірыңғай тіркеп тексеру тізіміне тіркелді. ҚР ҚК-нің 121-бабына сай 4-ші бөлігі, ол сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасөспірімге жасалғаны. Бірақ, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бірнеше сараптамалар тағайындалды».
Сондай-ақ, заң бойынша күдікті енді өз отбасына жақындамауы және телефон шалмауы керек. Әйтпесе бірден қамалады. Бірақ, күйеуі күнде есірткі шегеді деген әйелі одан қатты қорқады. Тіпті, такси қызметінде істейтін күйеуім әкетуі мүмкін деп қызын да мектепке жіберуді қойыпты.
Гүлдана Дәурен