«Жас жігіт атракционнан құлап кетті»: Оқыс оқиғаға кім жауапты?

165

Шымкентте ер адам өрмелеу қабырғасынан құлап кетті. Медициналық тексеру барысында жас жігіттің бас сүйек маңдайшасы жарақаттанғаны анықталып, операция жасалды. Қазір науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Оқыс оқиға орын алған саябақ қызметкерлерінің айтуынша, азамат қауіпсіздік белдігін дұрыс орнатпағандықтан 5 метр биіктіктен теңселіп барып, ақыры құлаған.

Шымкентте 20 жастағы азамат 10 метрлік өрмелеу қабырғасынан құлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол атракционның 5-ші метрінде теңселіп бастаған.

Оқыс оқиға орын алған соң тез арада жедел-жәрдем шақырылып, ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың бас сүйек маңдайшасы жарақаттанған.

Қайғылы оқиғаны заңгер әрі қоғам белсендісі Евгений Яворский байқап, әлеуметтік желіге жариялаған. Ер адамның айтуынша, сақтандыратын төсеніш жігіт құлаған жерге өте жақын болған көрінеді.

Тек бірнеше сантиметр алыста жатқан құрал арқылы оқыс оқиғаны болдырмауға мүмкіндік бар еді дейді ол. Сондықтан заңгер саябақ директорын жазалау керек деп есептейді.

Евгений Яворский, қорғаушы: «Егер сіз жұмысты бақыламасаңыз, қауіпсіздікті қамтамасыз етпесеңіз не үшін директор боласыз? Жалпы кез-келген адам өміріне байланысты аттракцион үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол жаупкершілік әрине бизнес иесіне тиесілі. Басшы барлығын қамтамасыз етіп отыруы керек».

Қазір жігіттің туыстары қорғаушымен ақылдасуда. Сондықтан ешқандай түсініктеме бергісі келмеді. Ал оқыс оқиға орын алған саябақ директорының айтуынша, азамат бұл атракционға тұрақты түрде келіп жүрген екен.

Бұл жолы оператор оразасын ашып алу үшін үзіліс алған. Бірақ сол аралықта келушілерге техникаларға жақындамауды ескерткен. Дегенмен, жас жігіт билет сатып алмай-ақ өз бетінше альпинизм шыңын бағындыруға бел буыпты.

Бекболат Төлеев, «Жайлаукөл» саябағының директоры: «Әр түрлі жағдайлар кездеседі. Біздің операторлар қауіпсіздік белдігінің беріктігін мұқият тексереді. Тәртіпке бағынбайтындар бар. Мәселен, оператор келгенше билетсіз кіріп кетеді кейбірі».

Альпинизм жаттықтырушысының айтуынша, жалғыз өрмелеу әуесқойлар үшін қауіпті. Нұсқаушылар қауіпсіздікті қадағалап отыру қажет.

Наталья Саляхова, альпинизм жаттықтырушысы: «Ол өз бағытын өзгертіп, келесі жолаққа өтуі мүмкін. Бәлкім сол кезде бір нәрсені дұрыс істемеген шығар».

Саябақ директоры жас жігітке барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтады. Ал полицейлер «Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Неліктен оқиға орнында нұсқаушы болмаған және жігіттің аттракционға қалай өз бетімен көтерілгенін жауаптылар анықтап жатыр. Жергілікті әкімдік мамандары тексеруге кірісті.

Алайда, мамандардың айтуынша бизнесті тексеруге елімізде жарияланған мораторий үнемі кедергі келтіреді екен.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева