«Ана тілі және отбасы -2022» байқауының жеңімпаздары анықталды

150

1 айға созылған «Ана тілі және отбасы-2022» байқауы өз мәресіне жетті. Қазақ тілінің аясын кеңейтіп, салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараға 22 мектеп пен балабақша қатысқан. Байқауда үздік деп танылған оқушылардың өнері қорытынды кеште көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған «Ана тілі және отбасы» қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Сайысқа қатысушылар мектептерін ұлттық нақышта безендіріліп, қазақтың дәстүрлі өнері мен түрлі тағамдарын дайындаған. Байқауда оқушылар мақал-мәтелдерден жарысқа түссе, бүлдіршіндер ұлттық ойын түрлерін көрсетті.

4 сәуірден бастау алған сайысқа 10 мектеп пен 12 балабақша қатысқан. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген шараға өзге ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты. Ал бас жүлдені еншісіне байлаған Менделеев атындағы мектеп түрлі этнос өкілдерінен құралған 120-дан аса оқушылар тобымен қатысқан.

Жанар Саржанова, Д.И.Менделеев атындағы мектеп-лицей директоры: «Бізде түрлі ұлт өкілдері білім алады. Біз дәстүрлді түрде өтетін «Ана тілі және отбасы-2022″ байқауына қатыстық. жарыс кезінде өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде нақыл сөздері, мақал-мәтелдерді айтып, өз өнерлерін көрсетті».

Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы бастамасымен дәстүрлі түрде өткізетін жарыс 2 кезеңнен тұрады. 1 кезеңде мектеп оқушылары мен ата-аналары өз өнерін ортаға салса, келесі кезеңде балабақша бүлдіршіндері салт-дәстүрді дәріптейді. Ұйымдастырушылар балалардың еңбегін бағалау оңайға түспегенін айтты.

Гүланар Қалдыбаева, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының бөлім басшысы: «Біз мақсатымыз осы өңірде тұрып жатқан өзге этнос балаларының қазақ тілінде сөйлеуі, қазақтың салт-дәстүрі, өнерін насихаттау, құрметтеу болатын. қазіргі таңда жақсы қатысқан балабақшалардың үздік номерлерін таңдап алып отырмыз».

Жарысқа қатысқан мекемелер арасында 6 мектеп пен 6 бөбекжай жүзден жүйрік шығып, жүлделі орындарға ие болды. Дүбірлі додаға атсалысқан білім ұяларына мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Әсел Мәлік