“Ақшаңды еселеп беремін”: Шымкентте интернет-алаяқ ұсталды

97

Ер адам өз алаяқтықтарын жүзеге асыру үшін мессенджерлердің бірінде топ құрып, әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы азаматтарды қосып отырған. Қаскүнем жәбірленушілерге букмекерлік кеңселердегі мөлшерлемелер арқылы түрлі ұтыс чектерінің фотосуреттерін көрсете отырып, олардың сеніміне кіріп, өзіне аударатын ақшаның кез келген сомасын екі еселеуге уәде берген.

Абай ауданының Полиция басқармасына бір адамға қатысты интенрет-алаяқтық бойынша арызбен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының алты тұрғыны жүгінді. Алаяқ олардан 2 миллионға жуық теңге алып кеткен.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі «екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеген.
Тәртіп сақшылары алаяқтыққа қатысы бар адамды анықтау мақсатында бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жәбірленушілерден жауап алып, олардың ақша аударымдарын тексерді. Нәтижесінде ер адам анықталып, жедел уәкілдер оны тұрғылықты жері бойынша ұстады. Қазіргі таңда ол қамауда.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Өз кезегінде Шымкенттік полицейлер тұрғындарға алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағылық танытып, бейтаныс адамдарға сенбей, ешкімге ешқандай сылтаумен өзінің жеке деректерін бермеу керектігін ескертеді.
QAINAR KÓZШымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі