Әскерге кеткеніне 5 күн болған сарбаз өз-өзіне қол жұмсамақ болған

208

Әскерде барғанына 5 күн болған жас сарбаз психикалық ауруханадан бір-ақ шықты. Жауынгердің анасы бұл оқиғаға әскери қызметкерлердің қатысы бар деп отыр. Ұлын мазақ еткендерді жауапқа тартуды талап еткен анасының сөзінше, перзентін медициналық мекемеге өз-өзіне қол жұмсауға тырысқаны үшін жіберген.

Бұл Шымкенттегі әскери бөлімде небәрі 5 күн қызмет еткен жас сарбаздың анасы. Бозбала -зияткерлік олимпиадалардың жеңімпазы және ММА турнирлерінің жоғары дәрежелі марапаттарының иегері екен. Жас жігіт қазір психиатриялық ауруханада. Анасының айтуынша, ол медициналық мекемеге өзіне-өзі қол жұмсауға тырысқаннан кейін жіберілген.

Гүлнұр, анасы: «Баламды әскерге шақырды. Балам 23-і күні осы жерге түсті. Сосын маған звондады, «анашым, «Сәуле» деген шағынаудандағы ауруханаға түстім» деп еді, біреу телефонын алып қойды. 28-і күні 11:30-да біреу хабарласып тұр, «балаңыз суицид, ойынқұмар,  өз-өзіне қол жұмсаған. Өлейін деп жатыр» деп айтып тұр маған. Мен оған сенген жоқпын. Қазір жолға шығамын дедім. Балама шығып едім, «анашым, келші» деді, басқа ештеңе айтқан жоқ. Сөйтіп, келсем, баламды «прокуратураға өтіп кетті деп өткізіп отыр жындыханаға. Мені алдап апарып, «жүріңіз, қазір психолог тексереді, сосын қайтадан келіп әскерде қызмет етеді» деді. Мен таңғы сағат 7:00-де келгеннен осы жерде отырдым. Сөйтіп мен психологқа звондай беріп ем, азамат Нұрмахановқа «мен жиналыстамын» деді. Бірақ мына жерде түсініксіз абыр-сабыр бірдеңе болып жатты. Бір бойы кішкентай, майор дейді, документтерді алып шығып, боқтап-боралады. Олар маған алдын ала дайындап қойған деген документті сол күні дайындады. Бірақ баламмен кездескенде, балам айтты «анашым, мына бөлімшеден алып кетіп, басқасына апарсаңыз, мен келісімшартпен қызмет етуге қаламын» деді. Сол кезде жанында медбраты бар, балам айтты «анашым, маған Тұртанов деген қоқан-лоққы жасады. 5 бала бір бөлмеге кіргізіп алып, олфицерлер,мені тыржалаңаш қойып, «мен өлсем ешкімнің қатысы жоқ» деп тілхат жаздырып алды деді. Сосын есікті құлыптап қойған соң, мен бұл жерден аман шықпайтынымды біліп, қорыққанымнан жазып бердім деді. Шығып бара жатқан кезімде «сасыма сен, сасысаң өлтіремін» деп айтты» деді.

Жауынгердің туыстарының сөзінше, олар жігіттің басқа аймаққа ауысуын талап ету үшін әскери бөлімге келген. Алайда, қызметкерлер оларға қатты психологиялық қысым көрсете бастаған.

Гүлнұр, анасы: «Бізді жолықтырмай, психологы бар, барлығы қысым жасап жатыр. Күйеуім қан қысым көтеріліп, 160-пен келді. «Сіздің балаңыз сондай, әскерде қызмет еткісі келмейді, суицидник, игроман» деп айтады. «Басында 3 миллион қарызы бар» деп айтыпты. Ондай мүмкін емес, мен оны көрсетіп те берем, оның да қағазын әкелемін. Сөйтіп қысым жасап жатыр. Мен шықтым сол үшін, әрқайсысы аузына келгенін айтып жатыр».

Бөлім командирі — сарбаз мамандандырылған медициналық мекемеге «оның өмірін сақтап қалу» деген жалғыз мақсатпен орналастырылғанын айтады.

Нұркен Қарағұлов, полковник, әскери бөлім командирі: «Мына кісінің баласы бізге өз-өзіне қол жұмсаймын» деп айтты. «Өз-өзіме қол жұмсаймын, қызмет еткім келмейді» деді. Мен мұның себебін сізге айтпай-ақ қояйын, ата-анасына айттым жаңа. Ол себебіне дейін айтты, неге қол жұмсағысы келетінін. Солай айтқаннан кейін, оны ары қарай психиатрлар анықтайды. Сол үшін ол  диспансерге жатқызылды. Олар енді 1 ай көлемінде толық тексеру өткізеді. Біз мұнда 24 сағат бақылауда қарай алмаймыз. Баланың өзі «өз-өзіме қол жұмсаймын» деп айтып тұрған соң, біз шара қолдануға міндеттіміз. Ата-анасымен сөйлестік, жаңағы айтып отырған баланы шақырттық. Ол 12 жыл қызмет етіп жүрген, қарамағында 40 бала бар бір взводта. Оны прокурормен де сөйлестік, әскери полиция ертең келіп анықтайды. Баланың сөзіне дәлел керек, соны тексереді. Егер сондай болғаны рас болса, онда ол жауапкершілікке тартылады».

Алайда, бозбаланың ата-анасы қазір әскери бөлім басшылығы жауапкершіліктен жалтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп есептейді.

Гүлнұр, анасы: «Бізге былай айтады: сіздің бір оңай орныңыз — егер де балаңыз осында бір ай жатып, анық суицидник екенін дәлелдеп, одан астанаға барып дәлелдейді дейді бір ай жатып. Сосын әскерге жарамсыз деп жазып, аман құтылып кетеді дейді. Қазір егер сау өтірік істеді десе, 1 жылға сотталады дейді бала. 2 жылға дей ма, сотталады дейді, сосын қайтадан әскерде қызмет етеді дейді.Одан да сізге тынышы — балам суицидник деп, алып кетіңіз дейді. Ал басқа бөлімшеге ауыстыра алмайсыз, ауыстырсаңыз, ол жақтағылар түртпектейді «неге келді бұл, неге ауысты» деп дейді. Бізге бұлар, балаңды жынды деп алып кет деп тұр ғой. Бірақұ прокурорға сұрақ қойдым «егер қысым көрсетілгені анықталса, Тұртанов солай айтқаны, анықталса не болады» деп, ол «ондай жағдай анықталса, бұлардың үстінен іс қозғалады» деді. Ал бұлар жылы жабайын деп тұр».

Кеш қарайған соң, баланың ата-анасы перзенттерімен кездескенін хабарлады. Олар ұлдарын осындай халге жеткізгендердің жазалануын қалап, әділдіктің орнауын талап етуде.

Гүлдана Дәурен