Ораза айында туған 1085 балаға Рамазан есімін берген

0
фото aqsholpan.islam.kz

 

Елімізде сәуір айында дүниеге келген ұлдарға Рамазан, ал қыздарға Медина есімі ең көп қойылған. Мұны Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Екінші орында сұранысқа ие болған есім – Айсұлтан. Бұл ат 248 ұлға қойылды. Танымал үштікке 174 адамның таңдауымен Алихан есімі еніп тұр.
Сондай-ақ, сәуірде 141 қазақстандық баласына Нұрислам есімін беріпті. Бұл есім наурыз айында да 4-орында болған. Ол кезде 191 бала осы есіммен Қазақстан азаматы атанды.

Ал, қыздарға ең көп қойылған есім – Медина. Сәуірде 430 ата-ана осы атты таңдапты. Екінші орында – Раяна, бұл есім 383 рет қойылған. 343 қызға берілген Айша есімі кең таралған санаттағы үштікке еніп отыр.

Өткен айдағы статистика нәрестелерге негізінен мұсылманша есімдердің жиі қойылғанын көрсетеді. Айталық, Али, Ислам, Мухаммад, Муслим, Дінмұхаммед, Амина, Ясина, Фатима сияқты басқа да аттар кең таралған.