Полицейлер ауласына көкнәр еккен егде жастағы әйелді ұстады

123

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, Келес ауданының тұрғындары тарапынан келіп түскен ұсыныс-пікір, сауалдарына назар аударды. Осы себепті облыстың бас полицейі Келес ауданында қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстардың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрды.

Аталған полицейлер шұғыл Келес ауданына іссапармен шықты. Полицейлер жан-жақты тексеру жүргізді. Нәтижесінде Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы аясында «көкнәр» есірткісін жойды.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер Келес ауданында жергілікті тұрғынның бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысатынын анықтады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 300-бабымен «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» СДТБТ-ға тіркеді.
Осылайша тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдікті ретінде анықталған тұрғынның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді. Жедел уәкілдер егде жастағы әйелдің ауласын тінту кезінде, өсіп тұрған қырыққабаттың жанына егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Тәртіп сақшылары, айғақты зат ретінде күдіктіден 900-ге жуық түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жіберді.
Сараптама қорытындысымен алынған түптердің 7-еуі «көкнәр», ал қалғандары көкнәр өсімдігінің өскіндері болып шықты. Жергілікті тұрғынға қатысты заңсыз есірткі егіп-өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.