Шымкентте ұнтақ шығаратын астыртын цех жабылды

45

Шымкентте танымал брендтердің ұнтақтары астыртын цехта қолдан жасалған. Кәсіпкерді Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Белгілі болғандай, жергілікті тұрғын үйінде балаларымен және туыстарымен бірге арзан ұнтақтарды Tide, Mif және Ariel брендтерінің танымал пакеттеріне салып қаптаған. Ол бір айға жуық уақыт бұрын қамауға алынды, қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Абзал Байжанов, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментініңаға анықтаушысы: «ҚР Қылмыстық кодексінің 222-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс аясында контрафактілік химиялық өнімдерді дайындайтын астыртын цех қызметінің жолын кесті. Қала тұрғыны The Procter & Gamble кір жуғыш затының сауда белгілерін заңсыз пайдаланған. Тінту кезінде 1,5 мың сөмке контрафактілік өнім, дайындауға және өлшеуге арналған аппарат табылып, тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асты».

Ұнтақтар Шымкенттің белгілі базарларының бірінде сатылып, қала мен Түркістан облысына жаппай таратылған. Түпнұсқаны жалғаннан ажырату үшін The Procter & Gamble өкілдері тұрғындардан тауарларды мұқият қарауды сұрайды – қаптаманың түс схемасы айтарлықтай ерекшеленеді және өнімнің бағасы әлдеқайда төмен болады. Көлеңкелі экономикаға байланысты компанияның сатылымы да төмендеді.

Жанат Нұрмағанбетов, The Procter&Gamble өкілі, Қазақстан: «Сатылымның төмендеуіне контрафактілік өнімдерді тарату әсер ететіні анық. Мәселе мынада, түпнұсқа ұнтақтарды өндіруші бәсекеге қабілетсіз жағдайда, себебі контрафактілік өнімдерді сатушылар ұнтақтарды түпнұсқадан арзанырақ сатады. Сондай-ақ түпнұсқаны өндіруші жарнамаға ақша жұмсайды және сонымен бірге ол контрафактілік өнімді жарнамалайды».