Шымкентте жарықтандыру жүйесін басқаратын диспетчерлік орталық ашылады

19

Үшінші мегаполисте көшелерді жарықтандыру жүйесін басқаратын, автоматтандырылған диспетчерлік орталық іске қосылды. Су жаңа мекеменің жұмыс барысын энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков таныстырып, көрсетті.

Шымкент қаласында көшелерді жарықтандыру жүйесін бір нүктеден басқаратын диспетчерлік орталық іске қосылды. Автоматтандырылған орталықта диспетчер барлық жүйенің жұымысын бақылайды. Қазіргі таңда орталық жүйесіне 40-қа жуық көше қосылған. Ал жыл соңына дейін 100 көшені қосу жоспарланып отыр дейді сала жауаптылары.

Боранбай Болатбеков, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Диспетчерлік пункт қосылғанға дейін бізде рельевременный деген болатын. Әрбір жәшікке барып, уақытын қойып, 9-да жансын, таңғы 5-те өшсін деген қолмен бәрін істейтін. Енді бүгінгі таңда біз МЖӘ проект арқылы осындай диспетчерский пункт ашып, заманауи автоматтандырылған диспетчерский пункт аштық. Осы жерде оператор отырып, түнде қандай көше жанды, қайсысы өшіп тұр бәрін көріп отырады. Тек көшені ғана емес, қанша лампа жанбай қалды, соған дейін білетін болады».

Аталған жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр. 2021 жылдан бері үшінші мегаполистегі жарықтандыру жұмысымен айналысатын «ABM Building» компаниясы жүйені күтіп-баптау, автоматтандырумен айналысады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындаағы жобаға 7 жылға арнап 10,6 млрд теңге қаралған. Яғни, әр жыл сайын шамамен 3,5 млрд теңгеден жұсалады. Аталған жеке компания осы уақыт аралығында 312 көшені жарықтандырады.

Асқар Бураханов, «ABM Building» ЖШС Шымкент қалалық филиалының директоры: «Біздің мойнымызға жүктелгені – Шымкент қаласын толықтай автоматтаныру, бір нүктеден жұмыс атқару және қала бойынша ескі шкафтарды жаңа, заманауи шкафқа ауыстыру».

Мекеме диреткоры диспетчерлік орталықтың мамандары арнайы курстан өткенін айтады. Сондай-ақ, біліктілігін арттыру мақсатында Алматыға барып,  мамандармен тәжірибе алмасып келген екен.

Қазіргі таңда орталыққа 80 басқару тетігі іске қосылған, ал жыл аяғына дейін оның санын 150-ге жеткізу жоспарланып отыр екен. Мамандар уақыт интервалын таңның атысы мен күннің батысына қарай әр онкүндікте реттеп отырады. Сондай-ақ, бүгінде көшеде жарықтың бар-жоғын анықтау мақсатында әр ауданда күнделікті 1 автомашина мен 2 монтер мониторинг жасап отырады.

Гүлдана Дәурен