Шымкенттің іргесінде шаруашылық жері бар фермерлер дабыл қағуда.
Олар жердің негізгі салық мөлшерлемесімен келіспейді. Ал мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше қаржы мөлшері заң шеңберінде бекітілген. ҚР Салық кодексінің 505 бабына сәйкес 1 га жер учаскесі үшін базалық мөлшерлеме 91 700 теңгені құрайды. Яғни, қала құрамындағы барлық шаруашылық мақсатындағы жерлердің негізгі салық мөлшерлемесі теңестіріліп, бірыңғай болған.
Ал мұнымен келіспеген жергілікті фермерлер, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске жүгінді. Шаруа қожалық өкілдері Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғаннан бері шаруашылыққа тиесілі жерлердің салығы көтерілгенін енді біліп отырмыз,- дейді.
Манасбай Бекбауов, «Агросервис» шаруа қожалығының өкілі: «2019 жылдан бері жер салығы өскен оны ешкім білмейді. Әр 1 га 94 мың Мен де 3 мың жер, 3,800 жайылым жеріміз бар. Сонда барлығын есептегенде 1 млрд-тай төлеуіміз керек. Оны кім төлейді. ешкімнің табысы оған келмейді де ғой. Бізге 1 гектарымызға 91 700 теңге есептеліпті Не деген сұмдық. Оны қалай төлейміз».
Мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының мәліметінше жердің базалық салық мөлшерлемесі заң шеңберінде есептелген. Қала мәртебесінің өзгеруіне байланысты барлық жерлер, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де елді мекен жерлерінің құрамына өткен. ҚР Жер Кодексінің 107 бабына сәйкес елдімекендер жерінің құрамында ауыл шарушалығы мақсатындағы жер санаты қаралмаған.
Гүлнара Хашимов , Еңбекші ауданы бойынша кірістер басқармасының бас маманы: «Қала аумағында ҚР Салық Кодексінің 505 бабында белгіленген базалық мөлшерлемелер қолданылады. Оған сәйкес, елді мекендердің жерлеріне базалық салық мөлшерлемелері алаңның 1 шаршы метріне есептегенде белгіленді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй қоры, соның ішінде құрылыстар алып жатқан жерлерді қоспағанда, елдімекендердің жерлеріне базалық мөлшерлеме белгіленеді және оның жанындағы құрылыстар 9,17 теңгенің құрайды. Осылайша 1 гектар жер учаскесі үшін базалық мөлшерлеме 91 700 теңгені құрайды. Қала аумағындағы барлық жерлер үшін базалық мөлшерлеме теңестіріліп, бірыңғай болды».
Кеңес мүшелері бұл қала фермерлері үшін өте үлкен сома, тіпті жақсы өнім алған күннің өзінде де, барлығы мұндай салықты төлей алмайтынына көздері жетті. Сондықтан Кеңес тарапынан қаладағы ауыл шрауашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлері үшін базалық салық мөлшерлемелеріне түзетулер енгізу туралы ұсыныс қала әкімдігіне және мәслихатқа жолданатын болды.
Шынар Оразова