Түркістан: Алғаш рет мектепке күн электр станциясы орнатылды

40

Түркістан қаласында мектепке алғаш рет қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылды. Аталған жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі, ірі компания өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев күн көзінен қуат алатын құрылғының  ерекшелігін атап өтті. Сөзінше, біріншіден, мектептің электр қуатына жұмсайтын шығын едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар энергия өндірудің жаңа түрімен танысып, оны өз көздерімен бақылауға мүмкіндік алады.

Жоба аясында күн панелімен сыртқы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сыныптарындағы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылған. Арнайы жылуды реттеу клапандары, энергия үнемдейтін құралдар, су құбырына есептегіштер, жарықдиодты шам және термореттегіштер орнатылған.

Аталған жобаның көмегімен 1900 оқушы білім алатын мектеп бірқатар шығындарын және энергия тұтыну мөлшерін қысқартады.

 Гүлдана Дәурен