Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының ақ халатты абзал жандары 98 жастағы соғыс ардагері Қалмен Мұратовке ота жасады. Ақсақалдың ортан жілігіне ота жасалған болатын. Жауынгер қарт дәрігерлерге батасын беріп, сәтті өткен отаға ризашылығын білдірді.
— Науқастың жағдайы бірқалыпты. Отадан кейін бір жарым ай көлемінде балдақпен жүреді деген сенім бар. Одан кейін өзі толық жүре алатын болады,— деді облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі Нұрбол Сахов.
Ақсақалдың балалары ауыр жағдайға қарамастан отаны сәтті өткізген аурухана қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Айта кетейік, ғасырдай жасаған абыз ақсақал бүгінде 6 ұл , 2 қыздан 90-нан астам немере мен шөбере сүйіп отыр. Ондаған орден мен медалі бар.