Úı ANONS Қазағымның қазынасы — домбыра

Қазағымның қазынасы — домбыра

Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнері мен мәдени мұрасын ұлықтайтын ерекше мереке. 2018 жылдан бері бұл күн шілде айының алғашқы жексенбісінде тойланып келеді. Осы атаулы күнді Арнайы кітапхана мамандары мазмұнды шарамен атап өтіп, ұлттық өнердің қадір-қасиетін насихаттады.

 

Домбыра – қазақ халқының рухани болмысын айшықтайтын, ұлттың тарихы мен тағдырын үн арқылы жеткізген киелі мұра. Дегенмен дәстүрлі өнер өкілдері ұлттық аспапты дәріптеу ісі әлі де жүйелі қолдауды қажет етеді дейді. Олар домбыраның қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық өнерге деген қызығушылықты бала кезден қалыптастыру керек деп есептейді.

 

КЕНЖЕБАЙ ШАЛҰЛЫ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: «Өкінішке қарай, бүгінде ұлттық аспабымызды ұлықтауда кенжелеу қалып бара жатырмыз. Заман жетілген. Көп жастар эстрадаға мойын бұрады. Сондықтан бұның жалпы қағидасы бүгінгі күн — осы домбыраны ұрпаққа дәріптеу керек, болашаққа ұрпаққа мұны дәріптеу керек, бұны бағалау керек. Қадірін білу керек. Мынаның ішінде қазақтың сан жылдық қайғысы, шері, мұңы жатыр. Тарта алсаң жарықтық сөйлейді. Тарта алмасаң, тұра береді».

 

Ұлттық мұраны дәріптеуге зағип және көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы кітапхана да өз үлесін қосып келеді. Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұйымдастырылған кеште дәстүрлі әндер шырқалып, күйлер орындалды. Сондай ақ, ұлттық өнердің мәні туралы тағылымды әңгімелер де айтылды. Кітапхана мамандары мұндай шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.

 

ЕРБЕК БАКИЕВ, АРНАЙЫ КІТАПХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Мұның барлығы бүгінгі қоғамда қажет дүние. Себебі әлеуметтік желілерге, ғаламторға байланған заманда бізде осы кітапханаға келу арқылы өзінің ой өрісін дамытып, өзінің шығармашылығы мен санасын дамытады»

 

Айта кетсек, Арнайы кітапхана қорында 100 мыңнан астам кітап жинақталған. Оның ішінде зағип жандарға арналған арнайы форматтағы әдебиеттер де бар. Кітапхана ұжымы оқырмандарға сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайдың жасалғанын айтады.

Лаура Бабас