Жайылым мәселесін бейәдеп сөздермен шешпек болған

57

Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде «Whatsapp» мессенджері арқылы әдепсіз сөздер айтқан ер адамдар арасындағы ауызша жанжалдың бейнежазбасы таралуда. Бұл бейнежазба бірден назарға алынып, оқиға орнына полиция шықты. Тәртіп сақшылары анықтағандай, оқиға күндізгі уақытта Төлеби ауданы аумағындағы жайылымда болған. Онда жергілікті тұрғындар жайылымдық жер мәселесін талқылаған.

Аталған жайтты Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы өз бақылауына алып, Төлеби ауданына іссапармен барды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызметкерлерге тапсырмалар берді. Сондай-ақ облыс пен аудан әкімі, прокуратура, полиция, ардагер ақсақалдар, этно-мәдени орталықтардың өкілдері мен басқа да құзыретті органдар халықпен кездесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Әдепсіз сөйлеген ер адам өзінің кінәсін толық мойындап, халық алдында кешірім сұрап, өкінішін білдірді.
Орын алған жайт ҚР ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігі «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта ауданда жағдай тұрақты.
Полицейлер қандай да бір құқық бұзушылықтар мен арандатушылыққа жол бермеу мақсатында тәулік бойы қызметте. Ал басқа да құзырлы органдар, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер тобы сақшыларға көмектесуде.
Құрметті тұрғындар, желі қолданушылары мен БАҚ өкілдері тек қана ресми дәлелденген дерекке сүйенулеріңізді сұранамыз.
Сондай-ақ жалған ақпарат таратушыларға заң аясында әкімшілік емес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын, яғни ҚР Қылмыстық Кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша шара көрілетінін ескертеміз.
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі