Бақташы 16 млн. теңгенің малын сатып жіберген

24

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның мал бағатын бақташыларының бірі сеніп тапсырылған асылтұқымды қойларының ішінен әрқайсысы 70 000 теңге тұратын 200-ден астам малын талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 000 000 теңгеден асады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Анықталғандай күдікті жәбірленушінің бақташысы, Арыс қаласының тұрғыны болып шықты. Сезікті 2021 жылдан бастап бағып жүрген малдарын, яғни бөтеннің мүлкін шетінен сата берген. Ол өзінің несиелері мен қарыздарын өтеу үшін қылмысқа барғанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады.
Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер сіз де, малыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.