Енесімен ұрсысып, жоғалып кеткен келіншек табылды

60
Түркістан облысының полицейлері кішкентай баласымен бірге із-түссіз жоғалып кеткен әйелді Шымкенттен тапты

2022 жылдың 10 маусымы күні 4 айлық кішкентай баласымен бірге үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, із-түссіз жоғалған жас әйел Түркістан облысы полицейлерінің жүйелі және жоспарлы түрде жасаған жұмысының арқасында табылды. Нақтырақ айтсақ 14.06.2022 жылы Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел арызданып, келіні мен 4 айлық немересі ұшты-күйлі жоғалғаны бойынша арызданған.

Арыз түсе салысымен киелі өңірдің сақшылары толық құрамда жұмылдырылып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Полицейлер әйелдің баруы мүмкін деген орындарды тексеріп, таныстары арасында сұрастыру жұмыстарын атқарды. Жан-жаққа бағыттамалар жіберді. Із-түссіз жоғалу жайты болғандықтан, барлық қажетті шаралар жүзеге асырылып, іздеу жұмысына еріктілер де тартылды. Тәртіп сақшылары жоғалған әйелдің айрықша белгілерін жазып, суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына, сайттарға жолдады. Шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, 4 күнде із-түссіз кеткен әйел мен кішкентай нәресте Шымкент қаласындағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығынан табылды.
Полицейлер табылған келіншекті бақылауға алып, учаскелік инспекторлармен тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Белгілі болғандай, жас әйел енесімен арасында болған отбасылық келіспеушіліктің салдарынан жақындарына айтпай кетіп қалған. Бүгінгі таңда жоғалған келіншектің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ, жағдайы жақсы. Туыстарына аман-есен тапсырылды.
Осы орайда жоғалған жанды тез арада табуға ат салысып, іздеу жұмыстарына қатысқан барша жандарға Түркістан облысының полицейлері алғыс айтады!