Халық қант бағасының тұрақсыздығынан жеміс-жидек тосабын дайындай алмай отыр

0

Жеміс-жидектен тосап жасадыңыз ба? Бүгінде қант бағасының тұрақсыздығына байланысты, қыстың қамына әлі ешкім кірісе қоймаған сияқты. Саудагерлердің айтуынша, биыл жеміс көп әрі қолжетімді болса да, алушылар қатары мүлде азайған.

«Қыстың қамын жаз ойла». Жаздың алғашқы айы да аяқталуға жақын, бірақ халық әлі де азығын дайындауға асығар емес. Өйткені, құмшекер бағасы шарықтап тұр. Сондықтан қазірше жеміс-жидек қанша арзан болса да тосап жабатындар табылмай тұр.

Айнаш Қайназарова, сатушы: «Негізі жылда шие аз болатын. Биыл көп салды. Бірақ халық алғанымен жабатын құмшекеріміз жоқ дейді. Қымбат дейді. Сондықтан саудамыз жай болып жатыр. Бағасы 300-250 тг. Кейде 200 тг де береміз. Шелегі 1000-700 теңгеден болып жатыр. Өткен жылдары қымбат болса да алатын».

Ал құлпынай мен таңқурай әзірге тосапқа жарамайды дейді сатушылар. Басым бөлігі тек күнделікті жегенге 1-2 келімен ғана шектеледі екен.

Тынымгүл Бейсембаева, сатушы: «Қазір вареньеге алмайды. Өйткені қазір қымбат. Малина мысалы 1500-1800, 2000 – нан. Құлпынай 2500-3000-нан. Бұл вареньеге өте қымбат. Оныкы августтерде болады. Ол кезде арзандау болады. Және вареньенікі майдалау болады. Бәрібір құмшекердің қымбаттағаны әсер етіп жатыр ғой».

Дәрігер-эндокринолог Альфия Мейрманкулова болса, халықты балғын жеміс-жидек тұтынуға шақырды. Яғни, витаминге толы жаздық өнімдерді ешқандай қантсыз мұздатқышта сақтау керек дейді. Айтуынша, қатырылған жидектер құрамындағы дәрумендерін жоғалтпайтын көрінеді.

Альфия Мейрманкулова, дәрігер-эндокринолог: «Дәрігер-эндокринолог ретінде әрине біздің пациенттердің денсаулығын көбірек тию мақсатында балғын жидектердің таңдар едім. Варенье енді бұрыннан істеп келе жатқан әдіс болғанымен, онда қант қосылады. Ол термиялық өңдеуден өткізіледі. Оның ішіндегі бүкіл құрамы өліп қалады».

Бүгінде құмшекер бағасы Шымкенттің әр аумағында әр түрлі бағада саудалануда. Мәселен, тұрғындар үй іргесіндегі дүкеннен 750-800 теңгеден алып жатыр. Ал әлеуметтік сөрелерде 480 тг болса, Магнум мен Грамад және әлеуметтік тауары бар 6 базарда 530 теңгеден. Бұл тұрақсыздық қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Бірақ, мамандар барынша бағаны ретке келтіріп жатырмыз дейді.

                                                                                                   Мөлдір Ибадуллаева