Ө.Шөкеев оқушыларды көлікпен тасымалдау мәселесіне тоқталды

42

Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 89 мектеп салынады. Қазірдің өзінде білім ұяларының жобасы дайындалуда. Бұл жайлы Түркістан облысының әкім аппараты отырысында айтылды. Сондай-ақ жиында өңір басшысы оқушыларды автобуспен тасымалдау мәселесіне тоқталды.

«Оқушыларды автобуспен тасымалдауға басымдық беру керек». Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аппарат отырысында айтты. Ол жақын елді мекендерге оқушыларды тасымалдау, автобуспен қамту ісін жандандыру маңызды екенін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев,Түркістан облысының әкімі: «Мектеп салу – бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан білім ұяларын салудың логикалық мәні болуы тиіс. Былтыр республика бойынша салынған мектептердің төрттен бірі бізде салынды. Ендігі кезекте жақын ауылдарды сараптап, жақын елді мекендерде оқушыларды автобуспен тасымалдауға басымдық беру керек. 10-15 шақырым жерден балаларды тасымалдаған жөн. Екіншіден, инвесторлар есебінен жеке меншіктегі мектептерді көбейткен абзал».

Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы күнгей өңірде 2025 жылға дейін 89 мектеп пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ басқарма басшысы балаларды қосымша біліммен қамтамасыз ету мақсатында арнайы ұсыныс жолдады.

«Біздің ұсынысымыз мынау Түркістан қаласында балаларды қосымша біліммен қамту мәселесі көкейкесті. Сондықтан да салынып жатқан құрылыс үйлердің бірінші қабатынан қосымша біліммен балаларға арналған шағын орталықтарды ұйымдастыру үшін 10 квм-ге дейін тұрғын үй емес жайларды жоспарлап қарастырылса дұрыс болады деген ойдамыз»,- деді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Айта кетейік, жоспардағы 89 мектепте 72 мыңға жуық оқушы білім алады. Қазіргі таңда өңірде білім ұяларының жобасы, жер телімдері және құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталған.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева