Шымкентте құрылысы аяқталмаған үйден ұрлық жасап, 6 млн. теңге шығын келтірген екі азамт ұсталды.
Абай ауданының Полиция басқармасына арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, белгісіз біреулер екі жылыту газ қазандығын ұрлап кеткен. Мегаполистің тағы тоғыз тұрғыны осындай арыздармен полицияға жүгінген.
Пәтерден газ қазандықтарын, металл заттар мен құрылыс материалдарын ұрлаған. Үй иелеріне келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 6 миллион теңге.
Полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен «бірнеше рет, тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық» фактісін тіркеп, дереу іздестіру шараларына кірісті.
Күдіктілер елорда тұрғыны мен Өзбекстан азаматы болып шықты. Ер адамдар бұрын мегаполисте жеке жалдамалы жұмыс істеген, бірақ бұл жолы бөтеннің мүлкін жымқыру жолымен арнайы келгені анықталды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда.
Мөлдір Ибадуллаева