Шымкентте көлік салығы бойынша берешек көлемі 1 млрд. теңгеден асты

105

Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, көлік салығын төлеуден жалтарған жүргізушілерді жаппай анықтауға кірісті. Бүгінде көлік жүргізушілерінің бюджет алдындағы берешегі бір жарым миллиард теңгеден асады. Сондықтан енді, тәртіп сақшылары салық органдарына, заманауи жол бақылау құралдары арқылы борышкерді анықтап, жедел ұстауға көмектеседі.

Шымкентте Мемлекеттік кірістер басқармасы мен Полиция Департаменті екі жақты келісім бойынша салықтан жалтарған көлік иелеріне рейд жүзгізуде. ҚР Салық Кодексіне сәйкес жеке мүлік үшін салынатын салықтар сәуірдің 1-не дейін төленуі керек болатын. Алайда, автокөлік иелері жылдар бойы міндетінен жалтарып келген.

Тоғыз күндік жаппай рейд барысында салық берешегін төлей алмаған 13 азаматтың машинасы айыппұл тұрағына қойылды. Ал 30-дан аса автокөлік иелері ықылас танытып, бірден қарызын өтеген. Нәтижесінде қала бюджеті 16 миллион теңгеге толықты. Қазіргі таңда, көлік салығы бойынша қарыз базасына тіркелген 41 320 жекетұлғаның берешек көлемі 1 млрд 663 млн теңгені құрайды.

Дәл осылай жасанды интеллект арқылы полиция департаментінің қызметкері борышкердің нақты қай жерде орналасқанын анықтап береді. Ал белгілі болған көлікті арнайы айыппұл тұрағына орналастырады.

Тұраққа жеткізілген Toyota Land cruiser көлігінің иесі 2018-2019 жылдан бері бюджетке 850 мың теңге қарыз. Осыған дейін мамандар салықтан жалтарғандарға хабарлама жіберіп, есеп шоттарын ғана жауып қоя алатын. Енді Сергек камералары жол қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, салық борышкерлерін де анықтап береді.

Айта кетейік, тұрғындар Е-Салық мобильді қосымшасы арқылы өзінің қанша берешегі барын көріп, дәл сол жерде борыныш өтейтін мүмкіндіке ие.Сонымен қатар, азаматтар үйден шықпай-ақ «Каспи кз», «Хоумбанк кз» сынды банк қосымшалары арқылы да кез келген салықтық қарызын өтей алады.

Әсел Мәлік