Абай аудан тұрғындары үшінші мегаполис басшысына тікелей сұрақ қойды

24

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Абай аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында әкімнің есебінен, халықтың сұрағы көп болды. Шенеуніктердің де әу бастағы мақсаты осы еді. Өйткені тұрғындарды тыңдау арқылы, мәселе шешімін табады. Сондықтан, бұл жиында да әкімге тікелей сауал жолдағандар қарасы қалың болды.

«Осы жерде сұрақтың бәрі қойылып бітпей, мен еш қайда кетпеймін».

Мұрат Әйтеновтің осы сөзінен кейін бе, әлде расында мәселесін даулап келгендер көп пе, әйтеуір бұл жолғы есеп беру жиынында сұрақ-жауап бөлімі ұзаққа созылды. Яғни, шенеуніктердің есебіне қарағанда халықтың сауалы көп тыңдалды. Тіпті, Абай ауданының тұрғындары микрафонға таласты.

Басқарма басшыларының тиянақты жұмыс істеуін талап еткен азамат Самал 3 шағынауданына жол салып, аялдама орнатып беруді сұрады. Ал жауаптылар мәселені жиыннан кейін тұрғынмен бірге барып, шешуге тырысатынын айтты. Мәселе көтерген тағы бір тұрғын Қызылжар елдімекеніндегі емхана ғимаратын жылдам аяқтауды сұрады. Сөзінше, ондағы құрылыс жұмысының тоқтап қалғанына біраз уақыт болған.

«Инвестор тауып алып, үлкен емхананы бастап қойдық. Барлығы бар. Бірақ әлі жұмыс бітпей жатыр. Сонық тезірек аяқтасақ. Бұл халықтың өтініші»,-деді Қызылжар елдімекенінің тұрғыны.

Аудан тұрғындары бұл мәселені көтеріп Президентке де хат жолдапты. Бұдан хабардармын деген Шымкент әкімі құрылыстың тоқтағанына 6-7 ай болғанын мойындап отыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бір емханада МРТ, қан тапсыру, лабаратория бәрін бір жерден жасауға әрекет жасады. Сол мақсатта Қазығұрт айналасындағы елдімекендерге 4 қабатты заманауи емхананы инфестор арқылы бастадық. Бірақ сол жердегілер сотқа беріп, қазір бұл мәселе сотта. Жақын күндері шешім шығады. Егер оң баға берсе, құрылыс жалғасады».

Ал апатты жағдайдағы тұрғын үй атынан келген азаматша әкімдіктен «үйімізді жөндеуден өткізіп беріңіздер» деп көмек сұрады. Айтуынша, ескі ғимараттың іргетасы жоқ, ал өзі қамыстан соғылған екен. Ал Абай аудан әкімі Бұқарбай Парманов бұған инвестор табылғанын айтты.

Бұқарбай Парманов, Абай ауданының тұрғыны: «Сіздерге инвестор үйлеріңізді бұзбайық деп жатыр, Яғни сіз өз үйіңізде тұра бересіз. Гараждың алдындағы жерді инвесторға бересіз, олар бес қабатты тұрғын үй салып береді. Біткеннен кейін көшесіз да, ана үйді босатып бересіз, болды».

Сондай-ақ жиында бірнеше азамат құжаты жоқ үйді рәсімдеу мәселесін көтерді. Ал мегаполис басшысы мұның мүмкін емес екенін жеткізді. Өйткені, заңсыздыққа орын жоқ дейді Мұрат Әйтенов.

«Ең үлкен мәселе аэропорттың айналасындағы реакционды жолдың бәріне үй салып тастаған. Біреуін заңдастыруға мүмкіндік жоқ. Қалай ойлайсыз, егер де бәрі өз ойына келген үйді салып кете берсе не болады? Заң бойынша бұл мәселені тек қана сот қана шешім қабылдай алады. Бізде қазір ол жерге үй салуға мүмкіндік жоқ»,-деді мегаполис басшысы.

Сауал жолдағандардың басым бөлігі коммуналдық мәселелерді көтерді. Барлық инфрақұрылымды бірден жүргізу мүмкін емес деген қала басшысы кезең-кезеңімен шешілетін айтты. Ал тұрғындардың енді бірі Қошқар ата өзенінің тазалағын қамтамасыз етуді сұрады. Мұрат Әйтенов алдағы уақытта мұны басты назарға алатынын жеткізді.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева