Қазақстан Республикасының Конституциясының 76 бабының 3 бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзгеде қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
Сот үкімін, сот шешімін немесе өзгеде сот актісін және атқарушылық құжатты орындамауы ҚР ӘҚБтК-нің 669 бабымен әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жеке сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімі бүгінде жалпы 428 борышкерге бөлімнің сот орындаушыларымен хаттама толтырылып, Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкімшілік жауапкершілігі қаралған. Оның ішінде 669 — бабымен 405, 665 — бабымен 6 борышкердің жауапкершілігі қаралған.
Сонымен қатар осы Кодекстің 670 бабында «Сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындаумен байланысты, оның iшiнде борышкердiң жұмыс орны мен оның кірістері, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалудың жүргiзілгені және өндiрiп алынған соманың өндiрiп алушыға жіберілгені туралы, борышкердiң өзге де жеке және заңды тұлғалардағы ақша сомалары мен мүлкiне өндiрiп алудың қолданылғаны туралы мәліметтерді ол тағайындаған мерзімде ұсыну туралы қаулыларын және заңды талаптарын орындамау» делінген. Яғни борышкердің айлық жалақысынан өндірмеу бойынша 17 құқық бұзушының жауапкершілігі Әділет департаментімен қаралған.
Әкімішілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік жеке тұлғаларға – 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Осыған орай 92 борышкерге әкімшілік қамақ, 334 борышкерге әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылған.
Әкімшілік жаза қолдану бойынша әкімшілік қамаққа алынған тұлға сотталған болып табылмайды және белгілі бір қызметтен немесе жұмыстан шығаруға жатпайды. Жазаға тартылған адам тағайындалған мерзім өткенше әкімшілік жазасы бар адам болып саналады.
Б.Усипбеков, Жеке сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға сот орындаушысы