«Қаралы қаңтарға 180 күн»: Сұйытылған газ бағасы қымбаттай ма?

25

«Қаңтар оқиғасынан» бері 180 күн өтті. Яғни, сұйытылған газдың бағасы өзгеретін уақыт келді.

Бірақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі бағаны жыл соңына дейін сақтап қалуды ұсынып отыр. Бұл бастама көпшіліктің талқылауына шығарылған қаулы жобасында көтерілген.

«Бұған дейін шектеу қойған бұйрықтың мерзімі 2022 жылы шілдеде аяқталады. Сұйытылған мұнай газ нарығының бөлшек сегментінде еркін баға белгілеу енгізілсе, бағаның күрт өсуі мен қоғамда әлеуметтік шиеленістің пайда болу қаупі бар. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газ бағасын қазіргі мөлшерде қалдыруды ұсынды», – деп жазылған құжат жобасында.

Осылайша сұйытылған газдың ішкі нарықтағы бағасы қазіргі қалпында қалмақ.

Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында қазір көлік газының бағасы литріне – 70-75 теңге көлемінде болса, Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында – 60-65 теңге мөлшерінде.

Ал, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында бір литрі – 50-55 теңге болып бекітілген.