Қыз зорлаған өгей әке 25 жылын түрмеде өткізеді

69

Түркістан облысының соты 8 жасар қызын зорлаған өгей әкеге қатысты  үкім шығарды. Бұған дейін прокурорлар сотталушыны 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал, сот азғындық әрекетке барған азамат үшін сұралған жазаны тым жеңіл деп тапты.

«Сотталушыға кәмелетке толмағандармен байланысты салада жұмыс істеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, оған жасаған әрекеті үшін 25 жылға бас бостандығынан айыру  жазасы тағайындалсын».

 Үш жылдан бері өгей қызын зорлап келген азамат сотталды. Соттың барысында  үнсіз отырған ол, өз қылмыстарында зорлау әрекеті бір рет болғанын айтып, кінәсін толық мойындаудан бас тартты.

Дәурен Мадалиев,  Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот төрағасының м. у а: «Сонымен бірге, сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның педофилияға бейім екендігі анықталып, сот Қылмыстық кодекстің 91-93-баптарына сәйкес, кастрация түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады. Іс материалдары оның кінәсін толықтай дәлелдеп берді. Біріншіден, бұл жәбірленушінің өзінің айғақтары, сондай-ақ осы жәбірленушіге қатысты бірқатар сот-медициналық сараптамалар».

Көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға  Ордабасы ауданына қарасты ауылдардың бірінде болған. Өгей әкесі 8 жасар қызын зорлап, азғындық әрекетке барған. Бұдан алдын арнамызға,  аты-жөнін өзгертуді өтінген қыздың анасы Раушан емханаға тексерілуге кеткен кезде, күйеуінің арам пиғылын іске асырғанын жеткізген еді.

Ал, сұмдық жайттан соң ер адам өгей қызын мектепке баруға мәжбүр еткен. Бүлдіршіннің ауыр жағдайын байқаған мұғалімдер анасына хабарлаған сәтте барып, өгей әкенің 3 жылдан бері жасап келген қатыгез әрекеті белгілі болды.

Бірден жедел жәрдеммен аурухана жеткізілген бүлдіршінге дәрігерлер ота жасап, өмірін сақтап қалу үшін  жатырын алып тастауға мәжбүр болған.  Ана болу бақытынан бала күнінен айырылған қыздың ісі қаралу сәтінде зардап шеккен тарап сот залында болмады. Қыздың анасы үкім шыққан сәтте қатыгез күйеуінің түрін көргісі келмегенін жеткізді. Сол себепті  сотқа онлайн қатысуды жөн көріпті.

Бүгінде жәбірленген бүлдіршін, анасы және інісімен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Мұнда бұл отбасыға  психологиялық қолдау көрсетілуде. Раушан болашақта перзенті жарақатынан жазылып,  бала күнінде болған  ауыр жайттың бәрін ұмытса деп үміттенеді.

Аида Қарсыбайқызы