Шымкентте 1800-ге жуық автобус кондукторы жұмыстан шығарылады. Өйткені, тамыз айының ортасынан бастап қоғамдық көліктерде «кондукторсыз жүйе» енгізілмек. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Жолдасов хабарлады. Сондай-ақ ол алдағы уақытта жолақысын төлемеген азаматтарға да айыппұл салынатынын жеткізді.
Осылай деген Шымкент қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Жолдасов «кондукторсыз жүйе» қолға алынатынын мәлімдеді. Жалпы, мегаполисте электронды төлем енгізілгелі 1 жылдан асты. Яғни, «халық үйренді» деген басқарма басшысы бұл жоба тамыз айында іске қосылатынын айтты.
Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жоспар тамыз айының соңына. Қыркүйек айына дейін бастап кетуіміз керек. Өйткені, бірінші қыркүйектен бастап оқушылар келеді. Автобустар лық толады. Сол кезде бізге қиын болады. Сол 10-15 күн бұрын бастап, халықты тез-тез үйретіп алуымыз керек».
Кондуктордың жоқтығын пайдаланып, қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтін азаматтар көбеюі мүмкін. Сондықтан енді «тегін жүруді» көздегендер заң бойынша жауапқа тартылады. Яғни, 70 теңге төлемегеніңіз үшін 2 АЕК көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Бұл шамамен 6126 теңге.
«Сосын кей кезде біздің тұрғындар төлемей кетеді, қазір кондукторлар «төле» деп тұрғанның өзінде төлемей кететіндер бар. Ал ертең кондуктор болмаса, мүлдем төлемейді. Сондықтан біз оны жан-жақты қарастырып жатырмыз. Мысалы сіздің төлем картаңызды сұрап тексереді.»,-дейді Ержан Жолдасов.
«Төлем валидаторларының істен шығу» проблемасы көп ұзамай шешімін табады. Өйткені, барлық автобусқа екінші валидатор орнату жоспарланып отыр. Жалпы қазіргі таңда мегаполис бойынша 78 тұрақты маршрутта резервті қоса алғанда 1000 автобус қызмет көрсетеді. Десе де, қоғамдық көлік интервалына шағымданатындар баршылық.
«Дүйсенбіден жұмаға дейін 5 жұмыс күні өз графигімен жүреді. Ал сенбі жексенбі күні бізідң график 30 пайызға қысқарады. Соны халық дұрыс түсінуі керек. Мысалы, көбі айтып жатады кеше арасы 15 минут еді, бүгін неге 25 минут деп жатады»-, деді Жолдасов.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 230 мың Төлем картасы сатылған. Сатылымда әлі 70 мың карта бар. Ал күнделікті транзакциялар саны 350 мыңды құраса, оның 85 пайызы көлік карталары арқылы төлем жасайды. Бұл статистиканың өзі Шымкенттің «кондукторсыз жүйеге» дайын екендігін көрсетеді дейді жауаптылар.
Мөлдір Ибадуллаева