Түлкібас ауданы әкімдігінде цифрландыру жобалары ұсынылды

19

Түркістан облысында халықты қабылдау жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Мәселесін көтеріп келген тұрғындарға жауаптылар сол мезетте көмек көрсетеді. Не болмаса тиісті басқармаларға жолдайды. Ең бастысы халықтың проблемасы тез арада шешімін табады.

Ғани Әбдірахманов үй кезегі қашан келетінін білу үшін Түлкібас аудандық әкімдігіне келді. Ол өзіне қажет ақпаратты алу үшін тек бірнеше минут уақытын жұмсады. Әкімдікте ешқандай кезек те, қағазбастылық та жоқ. Өйткені, қазір барлығы цифрландырылған.

Ғани Әбдірахманов, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Кезегім қашан келгенін білу үшін келдім. Мұнда өте ыңғайлы, бәрі жылдам екен. Ал менің кезегім жақындап қалыпты, енді жаңа қонысқа дайындаламыз».

Тұрғындардың басым бөлігін коммуналдық-әлеуметтік мәселелер және қолжетімді баспана бағдарламалары қызықтырады. Кез келген сұрақ бойынша арнайы орталыққа хабарласуға болады, мұндағы мамандар халыққа қызмет көрсетуге дайын.

Бекет Қамытбеков Түлкібас ауданы әкімдігінің қызметкері: «Олар біз берген талон арқылы өз кезегін күтеді. Сосын осы жерде барлығын түсіндіріп, айтып беретін қызметкерлер бар, мәселе шешілмесе, шара қолданады. Ал мұнда бізде өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар, мұнда ЭЦҚ ашып, басқа да қызметтерді алуға болады».

Кез-келген аудан тұрғыны шенеуніктердің қабылдауына онлайн немесе әкімдікке бару арқылы жазылуына болады. Әрі мамандардан да екі форматта кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

Мөлдір Ибадуллаева