Шымкентте барлық оқушылар қою көк түсті форма киетін болды. Сонымен қатар биылғы оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталып, оқу 1 маусымға дейін жалғасатын болады. Ал мектепке дейінгі білім беру мекемелерін аттестациядан өткізу жоспарланған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Енді еліміздегі мектеп қабырғасына қадам басқан әр бала білімді алдымен ана тілінде алады. Ал ағылшын, орыс тілдері енді 3 сыныптан бастап оқытылатын болады. Сонымен қатар білім беру саласындағы басты жаңалықтарыдың бірі, биылғы оқу жылы 1 қыркүйектен 1 маусымға дейін жалғасады. Сәйкесінше оқушылардың демалыс аптасы 98 күннен 92-ке азайды. Сала мамандарының ауынша бұл білім беру барысында баланың миына күш түсірмеуге өз септігін тигізеді.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бұрын бізде оқу жылы 25 мамырда аяқталатын. Биылғы оқу жылы 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалатын болады. Біз қазір жаңартылған білім жүйесімен жұмыс істейміз. Оған қоса мектеп 5 күндік өтті. Сол 5 күндікке Шымкенттің 50 пайызы өте алмады. Себебі бізге стандартты берілген білім сағаты асып кетеді. Көптеген бастауыш сынып оқушылары 5-6 сағат оқыған кездері де болды. Соған байланысты демалыс уақыты 98 күннен 92 күнге қысқарып отыр».
Шымкентте 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар. Оларды 2025 жылдан бастап мемлекеттік лицензиялау жоспарлануда. Бұл айтулы мекемелердегі білім сапасын арттырудың басты жолы. Айта кетейік, қазірдің өзінде мегаполисте 1-6 жас аралығындағы бала саны 88 мыңнан асады.
Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы: «Ең басты атап өтетін нәрсе лицензиялау тек жекеменшік балабақшаларға қатысты шара болмайды. Мемлекеттік те, жекеменшік балабақшалар да бұл рәсімнен өтеді. Бұл рәсім 3 сатыда өтеді. 1 кезеңге мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылады. Өздеріңіз білесіздер өткен жылы мемлкеттік аттастаттау қайта іске қосылды. 2 кезеңде бұрын өтпей қалған мекемелер қамтылады. 3 кезеңде барлық мектепке дейіңгі мекемелер толық қамтылады».
Жиында балабақша мәселесінен бөлек орта білім беру жүйесіне енгізілетін тың өзгерістер де сөз болды. Мысалы биылдан бастап барлық шымкенттік оқушыға бір түсті форма бекітілмек. Тіпті елден ерекше киінуді әдетке айналдырған лицейлердің де киім үлгісі қою көк түсте болады. Бұл ата-аналардың қалтасына артық салмақ түсірмеудің басты жолы дейді сала басшысы.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Біздерде енді Дарынның формасы, лицейдің формасы деген жоқ. Әр мектеп ерекшеленемін десе тек эмблемаларымен ғана ерекшелене алады. Сондықтан бәріне қойылатын талап бір».
2022 жылы мектеп қабырғасында білім алуға өтініш тастаушылар саны 3000-ға артқан. Бұл, қалада демографиялық жағдайдың артқанын білдіреді. Сонымен қатар, биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бір реттік 35 000 теңге көмек беріледі деп жоспарлануда.
Әсел Мәлік